Қазір Шымкентте көзі тірі екі соғыс ардагері ғана қалды. Жеңіс күні қарсаңында оларға 5 миллион теңгеден бір реттік әлеуметтік көмек түрі белгіленді, деп хабарлайды 24kz.
Мұраталы Төлепбергенұлы соғыс даласындағы сұрапылдан кейінгі әр таңды бақытқа балайды. Күнделікті немерелерімен таза ауада серуендеп, айналаға көз жүгіртеді. Бейбіт елдің бүгінгі ұрпағына ақыл-кеңесін айтып отырдан жалықпайды.
Асқар Мұраталы, немересі:
- Үйге көп адам келеді. Атаның қал-жағдайын сұрап кетеді. Мен атаны батыр деп есептеймін. Бізге соғыстағы естеліктерін айтады. Колхозда жұмыс істегенін айтады. «Үлкендерді сыйла, кішілерге қамқор бол», - дейді.
Дулат Мұраталы, немересі:
- Мен атамнан үлгі аламын. Атаның көптеген жақсы қасиеттері бар. Ата – өте батыл, ержүрек, мейірімді, қамқор адам. Егер мен ауырып қалсам атам жақсы қарайды. Күн де далаға шығып, серуендеп қайтамыз. Күн де қасында боламыз, кітап оқып береміз.
Ғасыр жасаған ардагер қарттыққа бой алдырған емес. Ойы озық, есте сақтау қабілеті мен сөз саптауы жақсы. Майданға әскер жасында аттанған. Брест қамалын басып, Варшава, Гданьск қалаларындағы шайқасқа қатысқан. Қазір зұлмат заманды еске алудан гөрі адамгершілік пен адалдыққа үндеуді құп көреді.
Мұраталы Төлепбергенұлы, соғыс ардагері:
- Ауадан жаңбыр жауса, жер көгереді. Ал басшы адам адал болса, ел көгереді. Қазақта бұрыннан мақал бар. «Әділ жігіт ел бастар, батыр жігіт қол бастар, шешен жігіт сөз бастар», - дейді. Әкімдеріміз, басшы қызметкерлеріміз, Үкімет басында отырған министрлеріміз әділдік жолында болсын. Халқын ұйымдастыра білсін. Жер байлығын пайдалана білу керек. Жерасты, жер астындағын. Бірақ жерді күту керек.
Соғыс ардагерлерінің қатары азайса да, оларға деген құрмет кеміген жоқ. Олар медициналық тексерулер мен емдік-сауықтыру курстарынан ұдайы өтіп тұрады. Мұраталы Төлепбергенұлы ұзақ өмір сүрудің сырын ұрпағының ақ адал тірлігімен де байланыстырады. Қазір 8 баласынан 19 немере мен 27 шөбере сүйіп отыр.
Шымкентте Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 2 ардагер қалды. Қарт майдангерлер бейбіт елдің бірлігі сақталып, жастардың білім, ғылым жолында жетістікке жеткенін тілейді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы