Current Date: 30-03-2025

Еліміздің орталық және батыс облыстарын жалғайтын тасжол құрылысы биыл басталады

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Ұлттық құрылтайда Президент Үкіметке Орталық-Батыс жолының құрылысын бастауды тапсырған еді. Астана мен Ырғыздың арақашықтығы шамамен 790 шақырым болмақ. Соның жартысы Торғай өңірі арқылы өтеді. Инфрақұрылым жақсарса, кәсіп жанданады, жаңа жұмыс орындары ашылып, халық тұрақтайды. Шалғайдағы жұртшылықтың жаңа жолдан күтері көп.

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Қостанай мен Арқалықтан келетін жол — Амантоғайда түйісіп, жалғыз тін боп, Торғайға жетіп тұйықталады. Біз қазір осы Жангелдин ауданының орталығы Торғайдың батыс жағындамыз. Тап осы жерден асфальтсыз көтерме жол басталады. Бұл бағытта Шеген, Ақшығанақ ауылдары бар. Одан әрі Ақтөбе облысының аумағы басталады.

Көтерме жол аудан орталығынан 75 шақырым жерде жатқан Ақшығанақ ауылынан ары бармайды. Ырғызға дейін 180 шақырым жерде тек дала жолы жатыр.

Айбек Рамазанов, Ақшығанақ ауылының тұрғыны:

Бізде мынау енді бұрынғы Кеңес үкіметінен қалған жол. Бірақ мұнда жүру қиын. Енді жаңа жол түссе, жақсы болар еді, қатынас жақсы болар еді. Батыспен Ақтөбе облысы, Қызылорда облысы, Астанаға да тура жол болар еді. Әйтпесе Державинскпен айналудың өзі қиын. Өткен көктемде қиыншылық болды, батпақ болған кезде жырып кетеді.

Арқалық-Торғай тасжолы шалғайда жатқан аудандардың арасын жалғыз өзі жалғап тұр. Орталық-Батыс жобасы жүзеге асса, Астанадан Арқалыққа дейін тура жол салынбақ. Ал Торғайда тұйықталған тұсы ары қарай Ырғызға жалғасады. Сөйтіп Батыс Еуропа — Батыс Қытай жолымен түйісіп, Транскаспий дәлізіне тура шықпақ. Өңірде мал шаруашылығы саласы да жанданар еді. Амангелді, Жангелдин аудандарында барлығы 600-ден астам шаруа қожалығы бар. Мұнда оңтүстік өңірден ірі қара іздеп келетіндер көп. Алайда қатынас қиын.

Бауыржан Айтжанов, шаруа қожалығының иесі:

Шымкенттен келіп сатып алып кетеді. Жол барда Ырғыздың үстін басып өтеді, жай жолмен келеді. Ал енді жол түсетін болса, малымыздың бағасы да жақсарар еді. Мал алатын адамдар көбейеді.

Жол салынса, бойындағы 50 шақты елдімекенді қамтиды. Оған қоса бірқатар әлеуметтік мәселе шешімін табады.

Дінмұхамбет Бидашев, Жангелдин ауданының әкімі:

Ауданның экономикасына өте зор әсер етеді. Біріншіден, халықтың тұрақтануына жақсы болады. Екіншіден, республикалық маңызы бар жол болғаннан кейін техникалық қызмет көрсету станциялары, жатақханалар, жанармай құю станциялары, қоғамдық тамақтану нысандары ашылады. Ол, мысалы, жұмыс орындары.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов құрылысты тездетіп, биыл бастауды тапсырды. Қазір жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Ал республикалық маңызға ие болатын Арқалық-Торғай жолы арнайы зерттеуден өткен соң жөнделмек.

Мәдина Нағашыбай