Current Date: 31-03-2025

Биыл Жамбыл облысында 500-ге жуық адам жол апатына түскен

Биыл Жамбыл облысында 500-дей адам жол апатына ұшыраған.

Сол себепті полицейлер жедел алдын алу шараларын күшейтті. Қазір жол көлік оқиғасының саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10%-ға төмендеді. Дегенмен, алаңдайтын тұстар аз емес.

Тараз тұрғындары Төле би көшесін өмірге қауіпті аймақтың қатарына жатқызады. Оған себеп — жол апатының жиілеуі. Биыл осы көшенің бойында 17 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, жаяу жүргіншілер де зардап шеккен. Полицияның мәліметінше, кейбір жүргізушілер арақашықтықты сақтамай, жылдамдықты асыруға әуес. «Әсіресе көлік басқару кезінде телефонмен сөйлесудің соңы қайғылы жағдайға әкеп соғады», - дейді құқыққорғаушылар.

Руслан Оразбақов, ПБ патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары:

- Тұрғындардың жолдан қауіпсіз өтуі үшін №12 мектептің жанында көпір салынды. Алайда, адамдар көпір арқылы жүрудің орнына реттелмеген жол қиылысынан жүгіріп өтуге тырысады. Мұның соңы қайғылы жағдайға ұласып жатады. Көшелерде заңбұзушылықты болдырмау мақсатында полицейлер бақылауды күшейтті. Қазір қалада 15 сканер құрылғысы жұмыс істеп тұр.

Биыл Жамбыл облысында 300-ден астам жол көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 31 адам көз жұмды. Тағы 500-дей тұрғын әртүрлі дәрежеде дене жарақатын алды. Өңірде қараусыз мал кесірінен болатын жол апаты тыйылар емес. Жыл басынан бері 280 шаруа қожалық иесіне айыппұл салынған.

Орынбасар Жалдығараев, ПД ЖПҚ басқарма басшысының орынбасары:

- Жолдағы орташа жылдамдық сағатына 110 шақырымнан аспауы тиіс. Бұл ереженің бұзылмауы жол сақшыларының жіті назарында. Таңғы мезгілде жолға шыққан көлік жүргізушілерін тоқтатып, жай-күйін сұраймыз. Автопатруль секілді арнайы жабдықтардан басқа жол қозғалысын жасырын түрде бақылайтын құралды іске қостық.

Таразда жол ережесін 48 «Сергек» камерасы да бақылап тұр. Полицейлер тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тәртіпті сақтауға шақырады. Заңға бағынбағандарға әкімшілік шара қолданады. Жыл басталғалы бері облыста 94 мыңнан астам адамға айыппұл салынған.

Талғат Исламұлы, Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділда