Қадір түнінде Астанадағы "Әзірет Сұлтан" мешітінің ауласында жиналған қауымға сәресіне тамақ таратылған. Мешітке жиналғандар сыртқа шығып , тегін тамаққа жүгірген. Оқиға орнында болған полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қадір түні Астанада болған жайттың видеосы Instagram желісіндегі пабликтерде жарияланды.
Кадрдан мешітке жиналған жамағаттың өте көп екенін және олардың тамақ үшін кезекте бір-бірін басып кете жаздағанын байқауға болады.
"Әзірет сұлтан мешітінің ауласында Қадір түніне жиналған қауымға мейрамханалардың бірі тегін тамақ таратқан. Тегін таратылып жатқанын естіген халық баса көктеп сыртқа шығып кеткен. Мұндай ерсі қылық жасаған қауымның іс-әрекетін қала тұрғыны видеоға түсіріп алған. Видеодан мешітке барғандардың көпшілігі жастар екенін байқауға болады. Қаншалықты шынайы ниетпен барған деген сұрақ туындайды", — делінген желідегі видео сипаттамасында.
Бұған қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісіне Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді.
"Қадір түні "Әзірет Сұлтан мешітінің аумағында мешіт қызметкерлерінің келісімімен, жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз ораза ұстаушылардың сәресі уақытына тамақ таратылған, салдарынан оған көп адам жиналды.
Оқиға орнында болған полиция қызметкерлерінің көмегімен жағдай реттелді. Мешіт басшылығымен қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді", — делінген полиция хабарламасында.