Current Date: 31-03-2025

SDU & Freedom жасанды интеллект блогы ашылды

SDU University аумағында жаңа жасанды интеллект блогы ашылды. Freedom Holding Corp. компаниясының демеушілігімен салынған жаңа нысан студенттердің инженерлік және IT-білімін дамытуға, қолданбалы зерттеулермен айналысуына мүмкіндік береді. Жаңа блоктың ашылу салтанатына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов қатысты.

SDU & Freedom Holding Corp. блогы – жай оқу ғимараты емес, Қазақстанның технологиялық дамуына жасалған маңызды қадам. Себебі әлем бет бұрған жасанды интеллект саласында бәсекеге қабілетті болып, білікті мамандар дайындау үшін инфрақұрылымның маңызы зор. 5 мың шаршы метрден асатын аумақта студенттер жаңа технологияны қолдану бойынша терең зерттеулермен айналысады.

Тимур Турлов, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры:

- Мұнда студенттер холдингтің инженерлік командасымен бірлесіп, жобаларды жүзеге асыра алады. Бұл инфрақұрылымға салынған инвестиция емес, жас таланттарға жасалған инвестиция. SDU University қабырғасында қолданбалы зерттеулер жүргізілсе, бұл бизнес процестерді жетілдіруге, экономиканы дамытуға жол ашады.

SDU University-нің 40%-ке жуық студенті ІТ саласында білім алады. Білім ордасының түлектері қазір қоғамның жұмысын жеңілдетуде, қалалық инфрақұрылымды қалыптастыруда қарқынды еңбек етіп келеді. Атап айтқанда, «Сергек» жолды бақылау жүйесі – университет түлектерінің зерттеу жемісі.

Әлімжан Игенбаев, SDU University ректоры:

- Инженерлік ІТ-факультеттің шеңберінде болашақта үлкен ғылыми зерттеулер дата аналитика бойынша зерттеулер жасалып, осы қаржы саласы бойынша үлкен зерттеулердің нәтижесінде қазіргі туындап отырған қиындықтардың бір шешімін ұсынады деген мамандарымыз бар.

Жаңа блоктың құрылысына 1 млрд 800 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Қазір Freedom Holding Corp. тарапынан арнайы зертханаларды жабдықтауға қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон