Парижде ЮНЕСКО-ның Хатшылығына адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енген тоғызқұмалақ ойынының тақтасы тарту етілді. Игі іс еліміздің ЮНЕСКО-дағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен жүзеге асты.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Конвенция хатшысы Фумико Охинатамен кездесті. Кездесуде Ә.Бәйменов 2020 жылы тоғызқұмалақ ойынын Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілуіне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. Көне ойынның тарихынан құлағдар етіп, бүгінгі даму үдерісін де таныстырды. Тоғызқұмалақ халқымыздың мәдени мұрасы саналатынын, зияткерлік ойын өркен жайып келе жатқанын жеткізді.
Кездесу барысында Ә.Бәйменов ЮНЕСКО Хатшылығына тоғызқұмалақ тақтасын сыйға тартты. Былтыр Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары қарсаңында ғарышқа жеткізілген тұздықты табыс етті.
ЮНЕСКО өкілдерін зияткерлік ойынның ережесімен таныстырып, жолдастық сайыс өткізді.
Былтыр Халықаралық тоғызқұмалақ федерациясының ұйымдастыруымен Чехияда әлем кубогі түңлігін түрді. Сондай-ақ V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында тоғызқұмалақ сайысына 41 мемлекеттен 114 спортшы қатысып, бағын сынады. Румынияда жастар арасында әлем кубогі, Түркияда әлем чемпионаты өтті. Моңғолия мемлекеті тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында халықаралық турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырды. Тоғызқұмалақ ойыны әр құрлықта қарқынды дамып келеді, федерациялар көптеп ашылып жатыр. Елімізде зияткерлік ойынға баулитын 5 681 үйірме бар. 200 мыңға жуық адам тоғызқұмалақ ойынын шебер меңгерген, тұрақты шұғылданады, 2 556 жаттықтырушы тіркелген.