Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы әлеуметтік желіде уағыз айтып, діни үгіт-насихат жүргізетіндерді тексереді. Өйткені Интернет арқылы құран оқып, салауат айтуды үйрететіндер көбейген. Алайда басқарма өкілдері діни дәрісті тек ресми ұстаздар мен имамдар жүргізу керегін айтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Информбюро-ға сілтеме жасап.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы әлеуметтік желіде жекеленген азаматтардың діни сауат бергенін құптамайды. Дін өкілдерінің сөзінше, уағыз айтып, үгіт-насихат жүргізуге тек ресми ұстаздар мен имамдар құқылы.
“Дін туралы айту үшін міндетті түрде діни білім алу керек. Егер біз бір адамға дұрыс емес діни ақпарат беріп қойсақ, ол қаншама адамның адасып кетуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан біз сөздің жауапкершілігін түсініп, діни мәселеде діни басқармамен ақылдасып, осы мамандардың кеңесімен жүру керек”, – деді ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы.