Current Date: 02-04-2025

Қатты пайдалы қазбаларды барлауға бағытталған жеке инвестициялар көлемі 3 есе өсті

Соңғы 6 жыл ішінде қатты пайдалы қазбаларды барлауға бағытталған жеке инвестициялар көлемі 3 есе өсіп, былтыр 100 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен геологиялық барлау мен жер қойнауын пайдалануды дамыту жөніндегі кеңесте айтылды.

Жиын Президенттің тапсырмаларын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды. Кеңесте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің геологиялық-геофизикалық зерделеу алаңын кеңейту, маңызды жобаларды іске асыру барысы қаралды. 2026 жылға қарай геологиялық-геофизикалық зерттеу алаңын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға назар аударылды. Премьер-министр құзырлы ведомствоға және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына елдің минералды-шикізат базасын кешенді дамытуға бағытталған цикл құру шараларын күшейтуді тапсырды. Қаржы министрлігіне геологиялық барлауды мемлекеттік қаржыландыруды ұлғайту үшін қаражат іздеу жөнінде тапсырма берілді.