Current Date: 21-06-2025

Испанияда экологиялық таза ұшақ пайдалануға берілді

Әуе кемесі Мадрид – Амстердам және Мадрид – Брюссель бағыты бойынша алғашқы рейсін орындады, деп хабарлайды 24kz.

Әуе көлігі отынды 14%-ке дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар аэродинамикалық дизайны мен жеңіл құрылымы оны экологиялық таза ұшақ етіп тұр.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Испанияның Мадрид қаласынан Амстердамға, келесі күні Мадридтен Брюссельге тікелей әуе рейсін орындаған экологиялық таза ұшақ отын үнемдеумен қатар интерьер дизайнымен де ерекшеленеді. Жеңіл орындықтар, бұрынғыдан 20%-ке үлкен терезелер 189 жолаушының жайлы сапары үшін жасалған. Сонымен қатар шу деңгейі алдыңғы модельмен салыстырғанда 40%-ке төмен. Бұл әлбетте, ұшақ ішіндегі жолаушыға ғана емес, әуежай маңындағы тұрғындар үшін де қолайлы. Сондықтан мамандар шу деңгейінің өзін техникалық жетістік деп қана емес, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан маңызды деп есептейді.

Хуан Хосе Идальго, Air Europa компаниясының президенті:

- Экоұшақтың пайда болуы – компания үшін жаңа дәуірдің бастамасы. Бұл біздің флотты жаңарту ғана емес, тұрақтылық пен тиімділік тұрғысынан Еуропада көшбасшылықты жалғастыруға мүмкіндік береді. Әрі қарай да озық технологиялар мен инновациялар енгізуді тоқтатпаймыз.

«Ұшақтың экологиялық тазалығы билет бағасына айтарлықтай әсер етпейді», — дейді әуе компаниясының өкілдері. Ресми сайтта Мадрид – Амстердам бағытындағы рейс бағасы 100-200 еуро шамасында. Ұшу ұзақтығы шамамен екі жарым сағат. Жаңа ұшақтың аэродинамикалық тиімділігі анағұрлым жақсарған. Бұл әуе көлігінің ауада артық кедергіге ұшырамай, көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Атап өту керек, биыл Еуропадан Қазақстанға тікелей қатынайтын әуе рейстерінің саны артты. Мамырдың жиырма жетісінен бастап Шымкент – Будапешт, Будапешт – Шымкент бағыты ашылды, ұшу ұзақтығы– бес жарым сағыт.

Асқар Беков, журналист, тәуелсіз сарапшы:

- Бұл жаңалықты жалпы сырттағы қазақтар жақсы қабылдады. Негізі бұрын Қазақстан мен Мажарстан арасында әуе қатынасы болған. Сол бір мезетте Германияның Мюньхен қаласына да рейс ашты. Бұл да көптен күткен оқиғалардың бірі. Себебі Германияда қазақтар өте көп. Әсіресе, студенттер. Студенттердің көп шоғырланған тұсы негізінен Прагада, Чехияны айтамыз. Сондай ақ осы Мажарстан, Будапешт және Германияда көп екенін білеміз. Сондықтан бұл отандастарымызға тиімді бағыт деп ойлаймын.

«Бұл жаңа бағыт Қазақстан мен Еуропа арасындағы әуе қатынасын кеңейтіп, туризм мен іскерлік байланыстарды нығайтуға ықпал етпек», — дейді Мажарстандағы қазақ қоғамының белсенді өкілі Асқар Беков. Ұшу күндері аптасына екі рет, сейсенбі және сенбі күндері орындалады. Бір бағыттың бүгінгі бағасы шамамен екі жүз еуро.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач