Ыстамбұлда Украина мен Ресей арасындағы қарулы қақтығысты реттеуге бағытталған келіссөздердің екінші раунды өтті, деп хабарлайды 24kz.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Тарихта талай маңызды кездесуге куә болған Османлы сұлтандарының Чыраған сарайында өткен Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер сәтті аяқталды. Кездесу жергілікті уақытпен 13:00-де өтуі тиіс еді, алайда 1,5 сағатқа кешігіп басталып, бір сағатқа жуық жалғасты. Жиынды Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан ашты. Оның сөзінен үзінді ұсынамыз:
Хакан Фидан, Түркия Сыртқы істер министрі:
- Біз кездесулерді тараптар арасындағы сенімді қалыптастыру тұрғысынан маңызды деп есептейміз. Өзара пікіралмасу бейбітшілікке жол ашады. Бұл кездесу нәтижелі өтіп, нақты ілгерілеуге қол жеткізіледі деп сенемін.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Қазіргі уақытта тараптар түскі ас үстінде. Жақын уақытта Украина және Ресей делегациялары жеке-жеке мәлімдеме жасауы мүмкін. Бұл процесті 500-ден астам бұқаралық ақпарат құралы бақылап отыр. Солардың бірі – CNN Türk телеарнасының тілшісі Сердар Эрдің пікірін тыңдайық.
Сердар Эр, CNN Türk тілшісі:
- Ресей мен Украина арасындағы соғыс жалғасып жатыр, ал біз осында – бейбітшілікке үмітпен жиналдық. Ақпарат кейде бұрмалануы мүмкін, сондықтан біз – журналистер шынайы әрі нақты деректі әлемге жеткізу үшін осындамыз. Бұл – біздің маңызды міндетіміз.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Сарапшылар бұл келіссөздерді тек екі ел арасындағы мәселе емес, бүкіл Еуразия мен халықаралық қауіпсіздікке әсер ететін геосаяси үдеріс ретінде қарастырып отыр. Қақтығысты шешу жолы қандай? Бірнеше сарапшыдан пікір сұрадық.
Филиз Катман, Халықаралық қатынастар сарапшысы:
- Бұл – бұрынғы келіссөздердің жалғасы. Жекелеген мәселелерде келісім бар, бірақ басты кедергі – Ресейдің жерге қатысты талаптары. Бұл тақырып бойынша ортақ мәміле әлі табылған жоқ.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Біз ресми мәлімдемені күтіп отырмыз. Мүмкіндік болса, екі тараптың да пікірін тыңдауға тырысамыз. Ақпарат беруді жалғастырамыз.
Авторы: Меруерт Қанағат