Дронды дұрыс басқарып, адам орнына қауіпті жерлерге бағыттауға болады. Бірақ ғылыми негізде қолдануға еңбектеніп жүргендер некен-саяқ. Елдегі 60-қа жуық компания осы ұшқышсыз құрылғыны алып-сатумен ғана айналысады. Әйтсе де оның пайдасын айтып, жеткіншектерді үйіріп, тегін үйретіп жүрген де адам бар. Ол көпшілікке «Қазақ дрон қызы» ретінде танылып үлгерді.
Зарина жеткіншектерге дронды тегін үйретеді. Университет қабырғасынан клуб та ашып қойған. Қазір мұнда ұшқышсыз жүйенің жарысқа арналған және видео түсіретін түрлері бар.
Зарина Құтпанова, Компьютерлік инженерия департаментінің аға оқытушысы:
- Оның қалай ұшу керек екенін барлығы біледі, иә, «білеміз», – дейді. Мысалы, мынаны үйренген адам, мынаны жақсы түсірген адамның өзі мына дронмен ұша алмайды. Мысалы, мына дрон 20-30 км сағатына ұшатын болса, мынау 60 км сағатына ұшады және де ол ештеңеге бағынбайды. Сынады. Міне, сынғандары да бар.
Самғамай тұрып, сынбас үшін дронға да құс ұшырғандай машық қажет. Алдымен экран алдында жаттыққан абзал. Әйтпесе алдындағыны жайратады немесе құрылғыны қиратады.
Аян Жұмаділов, студент:
- Симуяторсыз еш мүмкін емес. Себебі дронды ұшыра сала сындырған жағдайлар аз емес. Сондықтан шығынға батпас үшін, сосын қауіпсіздік үшін симулятордан бастаған дұрыс. Яғни мұнда қолдың моторикасы жетіледі. Дронды ұшырудың барлық тәсілі үйретіледі. Мен де осылай бастағанмын. Енді үйретіп жүрмін.
Ал бұлар төл өнім. Өсімдіктердің жедел жәрдемі деуге болады. Жерден хабар жеткізіп, төбеден ем жүргізеді.
Зарина Құтпанова, Компьютерлік инженерия департаментінің аға оқытушысы:
- Оның ішінде студенттер өздерінің қолдан жасап шығарған ауыл шаруашылығы саласында қолданатын арнайы дрон. Яғни өсімдіктің бір алқапта қандай аурумен зардап шеккенін мына жердегі машина арқылы біліп, одан кейін ақпаратты мына дронға жібереді. Дрон қажетті химикаттармен оны бүрку, себу жұмыстарын атқарады.
Бұл гибридті дрон. Тігінен ұшып-қонады. Атқаратын қызметі анық. Қазір жетілдіріліп жатыр.
Зарина Құтпанова, Компьютерлік инженерия департаментінің аға оқытушысы:
- Ең басты мақсаты – барлау, мониторинг, инспекция жасау. Бұл тек қана қаңқасы, тек қана макет. Тапсырыс беріп қойдық, осының ішіне қажет материалдарды сатып алғаннан кейін оған өз бағдарламамызды енгіземіз. Ақылды қала жобасына қарасақ, қалада болып жатқан түрлі оқыс жағдайлар, адамдардың күрт ауырып қалуы сияқты тағы басқа жағдайларды, 3 км биіктен қалада не болып жатқанын осымен анықтауға болады.
Дамыған елдерде дрондар дәуірлеп тұр. Оның тәуірі су тасқыны, өрт сияқты қауіпті жерлерде адам орнына көмекке келеді. Зарина да дрондарды дұрыс бағытта басқаруға барын салып жүр. Мысалы, электр тоғы, күн панельдері мен мұнай құбырларындағы ақауларды анықтауға болады. Тек заман сұранысына сай құрылғыға нмқұрайлы қарамай, мойын бұру керек.
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Ақылбек Есімсейітов