Current Date: 09-06-2025

Алматы облысында «Тұғырлы Туым» акциясы өтті

Мемлекеттік рәміздер күніне орай Алматы облысында «Тұғырлы Туым» атты кең ауқымды патриоттық акция өтті. Өңірдің барлық ауданы мен қалаларында мемлекеттік ту бір мезетте көкке көтерілді. «Игі бастаманың мақсаты – ел бірлігін дәріптеп, ұлттық рәміздерге деген құрметті арттыру», – дейді ұйымдастырушылар.

Мерекелік шараның негізгі бөлігі Іле ауданының Өтеген батыр кентінде өтті. Ту тұғырдың маңына жиналған ауылдықтар Мемлекеттік тудың көкке көтерілу сәтіне куә болды. Салтанатты жиынға облыс әкімі қатысып, ұлттық рәміздердің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

- Жастардың бойына жауапкершілік, отансүйгіштік пен елжандылық қасиеттерін сіңіру ең алдымен ұлттық рәміздерге деген құрметтен басталады. Ұлттық нышандарды ұлықтау арқылы елін сүюдің, бірлікті қадірлеудің шынайы үлгісін көрсетеміз.

Акция аясында концерттік бағдарлама өтті. Өнерпаздар патриоттық тақырыптағы шығармаларды орындады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Тұғырлы Туым» шарасы елдік сананы қалыптастыруға бағытталған. Тұрғындар бастаманы қолдап, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет Тәуелсіздіктің айғағы екенін жеткізді.

Асқар Бибай, студент:

- Тәуелсіздікті алғанға аталарымызға мың да бір рақмет, қаншама тер төкті. Осы көк туымызды биікке көтергендеріне де мың алғыс айтқып келеді. Тәуелсіздік дегеніміз – осы рәміздеріміз. Оларды құрметтеу керек.

Күләнипа Әбділда, Іле аудандық аналар кеңесінің мүшесі:

- Көк туымыз желбірей берсін, туымыз тұғырлы болсын. Барлығымыз бақытты болайық, бейбітшілік болсын.

Шараның жалғасы Қонаевтағы жағажайда ерекше форматта ұйымдастырылды. Кәсіби флайбордшы су бетінде акробатикалық қойылым көрсетіп, Мемлекеттік туды Қапшағай су қоймасының үстінде көкке көтерді. Спорттық қойылым мерекеге ерекше реңк беріп, шараның мазмұнын толықтырды.

Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дүйсенбай