Current Date: 14-03-2025

Жамбыл облысындағы заманауи зертхана қан құрамын талдауда рекордтық межеге жетті

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Жамбыл облысы Байзақ аудандық емханасындағы заманауи зертхана қан құрамын талдау бойынша рекордтық көрсеткішке жетті. Үш жыл бұрын Президенттің өзі барып ашқан медициналық мекеме бүгінге дейін 2 жарым млн талдау жасаған.

Бұл бұрынғыдан екі есеге артық. Әзірге бұл межені аймақтағы өзге мемлекеттік медициналық мекеме бағындырмаған. 11 адамнан тұратын персонал 20-ға жуық жапониялық құрылғымен жұмыс істейді. Зертхана цифрландыру технологиясын енгізу жоспарын 100 пайызға орындап отыр. Соның арқасында күніне 250 науқастан қан алып, 3 600 зерттеу қорытындысын алады.

Арғынбай Ысқақов, Байзақ ауданының тұрғыны:

Зертхана салынғалы бері халыққа өте қолайлы болып тұр. Бұрын тар мекемеде бірнеше кабинет кіріп, анализ тапсыратын едік. Қазір бір кабинеттен барлық талдауды аламыз. Уақытылы, сапалы және тез.

Енді шағын мекеме шалғайдағы 17 елдімекеннен өздеріне қарасты филиал ашпақ. Ол үшін халықаралық стандарттау орталығынан аккредитация алуды жоспарлап отыр. Зертханада талдау жасау жылдамдығы дамығандықтан, облыс орталығында тұратын науқастар да қан өткізеді.

Назерке Тұрдалиева, Байзақ аудандық орталық емханасының зертхана бөлімінің меңгерушісі:

Біз небәрі 18 минутта таксоплазмалы, цитомегаловирус, герпес сынды анализдердің жауабын аламыз. Ал оның алдында біз иммуноферментті талдау қорытындысын 3 сағаттың ішінде жасайтынбыз. СОЭ тексеретін гемотологиялық анализатор тек бізде ғана бар. Бір жарым минутта аламыз, ал бұрын ол 1-1,5 сағатта анықталатын.

Данияр Әлімқұл