Current Date: 09-06-2025

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі тағайындалды

Виктория Шегай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Шегай Виктория Вильгельмовна Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды", – делінген хабарламада.

Виктория Шегай 1981 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін, "Мирас" университетін және Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2004 жылы Алматыдағы "Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры" ЖАҚ-та есеп айырысу операциялары бөлімінің жетекші маманы ретінде бастаған.

2004–2017 жылдар аралығында осы қорда, сондай-ақ кейіннен "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-да жетекші маманнан департамент директоры қызметіне дейін түрлі лауазымдар атқарған.

2017–2018 жылдары "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ-да штаттан тыс қызметкер болған.

2018–2022 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде басқарма басшысы, кейін әлеуметтік сақтандыру, базалық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаментінің директоры қызметін атқарған.

2022–2023 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Еңбек қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, реттеуші саясат секторының жетекшісі болды.

2023 жылдың желтоқсанынан бастап осы кезге дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаментінің директоры қызметін атқарып келді.

Еске салайық, бұған дейін 8 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен жаңа Қорғаныс министрі болып Даурен Косанов тағайындалған еді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget