Абай облысының прокуратурасы пайдаланылмаған және заңсыз берілген жер учаскелерін анықтап, оларды мемлекет меншігіне қайтару бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жүргізілген тексерулер нәтижесінде 104 жер учаскесінің ұзақ уақыт бойы мақсатты түрде пайдаланылмағаны анықталған. Жер пайдаланушылар заң талаптарын өрескел бұзған.
«Прокуратураның шаралары нәтижесінде жалпы ауданы 42 мың га және кадастрлық құны 516 млн теңгені құрайтын жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды», делінген хабарламада.
Бұл шаралар ҚР Президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында жүктелген тапсырмалар аясында жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар бұл жерлерді адал және тиімді пайдаланатын азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілеріне беру бағытында жұмыстар атқарып келеді.
Прокуратура бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын мәлімдеді.