Current Date: 11-06-2025

Қазақстан халқы 2050 жылға қарай 24,3 млн адамға дейін өседі – БҰҰДБ болжамы

Халық өсімі 23 пайызды құрайды.

Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасының болжамына сәйкес, 2050 жылы Қазақстан халқының саны 24,3 миллион адамды құрайды. Қазіргі таңдағы көрсеткіш 20,3 млн адамға тең болса, өсім 23 пайызға тең болмақ. Бұл жайында үкімет басшысы Олжас Бектеновтің Сенат депутаттарына берген жауабында айтылған.

"Бұл өсу өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына және туудың салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіштеріне байланысты – бір әйелге 3 бала, бұл табыс деңгейі орташа деңгейден жоғары басқа елдердің көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары", – делінген премьер-министрдің жауабында.

Демографиялық оң болжам Қазақстанда осы саладағы кадрлардың әлеуетін арттыру қажеттігін тудырады. Осы орайда кадр даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысында демографтар мен әлеуметтанушыларды дайындауға айрықша көңіл бөлініп отыр.

Үкімет дерегінше, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде "Әлеуметтану" білім беру бағдарламаларына 248 грант берілді (бакалавриат – 153, магистратура – 65, докторантура – 30).

"Болашақ" бағдарламасы бойынша "Демография" мамандығы бойынша 35 адам (магистратура – 23, докторантура – 12), "Әлеуметтану. Әлеуметтік жұмыс" мамандығы бойынша 64 адам (бакалавриат – 15, магистратура – 30, докторантура – 6, тағылымдама – 11, маман – 2) білім алды.


Оқи отырыңыз:

  • Қазақстанның 8 облысында халық саны миллионға жуық адамға азаяды – 2050 жылға болжам
  • 25 жылда Қазақстан өңірлерінде халық саны қалай өзгерді? Инфографика