Current Date: 13-06-2025

 Debat Eli Academy: Жастардың ақыл-ойы мен азаматтық белсенділігіне инвестиция

Ақмола облысы Зеренді кентінде Ұлттық дебат академиясының бірегей білім беру лагері – Debat Eli Academy өз жұмысын бастады.

Бұл – Қазақстан оқушылары арасында сыни ойлау, шешендік өнер және азаматтық белсенділікті дамытуға бағытталған екінші маусым.

Лагерьдің жұмысын «Debat Eli» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр. Ұйымдастыруға қолдау көрсеткендер: Нұрсұлтан Назарбаев қоры, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы.

Еліміздің түкпір-түкпірінен лагерьге қатысу үшін 300-ден астам өтініш түскен, олардың ішінен 50 оқушы шақырылды. Қатысушылар көшбасшылық қабілеттерін, мотивациясын және дебат қозғалысына деген қызығушылығын көрсете білді.

Лагерьге қатысу – толығымен тегін: тұру, тамақтану және оқу шығындарын ұйымдастырушылар өз мойнына алған.

Лагерь бағдарламасы дебат мәдениетін, сыни ойлауды, көпшілік алдында сөйлеу шеберлігін, көшбасшылықты және азаматтық сананы дамытуға бағытталған.

Бір апта бойы қатысушыларды келесі іс-шаралар күтеді:

• Дебат және көпшілік алдында сөйлеу бойынша тренингтер

• Сыни ойлау мен аргументация бойынша мастер-класстар

• Әртүрлі форматтағы дебаттар (британдық парламенттік, Карл Поппер және т.б.)

• Жетекші спикерлердің дәрістері.

Тренерлер қатарында – ұлттық және халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен финалистері болған Қазақстанның жетекші дебатшылары бар.

Академияның арнайы қонағы – Рок Хафнер, 2021 жылғы Еуропа студенттік дебат чемпионатының жеңімпазы, Словениядан келген әлемдегі ең мықты дебатшылардың бірі. Ол лагерьдің ағылшын тілді секциясында сабақ өткізіп, қазақстандық қатысушылармен тәжірибесімен бөлісуде.