Абай облысында интернет алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталды, деп хабарлайды 24KZ. Олар танымал интернет платформасы арқылы жүк көліктерін сатамыз деп халықты алдаған. Алаяқтардың құрығына түскен тұрғындар 52 миллион теңге ақша салған.
Екі күдікті мен олардың үш сыбайласы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары тұрғындарды сақтыққа шақырады. Жалпы жыл басынан бері Абай облысында 664 алаяқтық фактісі тіркелген, оның 178-і ауыр қылмысқа жатады.
Мират Қабытаев, облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары:
- Негізгі күдіктілер ұсталды. Қызылорда облысының 32 жастағы тумасы оларға ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін жалған ЖШС директоры ретінде тіркелген. Қаржылық операцияларға қатысы бар Түркістан облысының 50 жастағы тумасы болып шықты. Екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.