Current Date: 12-06-2025

Құрылыс қалдығынан 3D-үй тұрғызды

Таяуда Дүниежүзілік банк сайтының «Блогтар» бөлімінде жарияланған қызық бір мақалаға көзіміз түсті. Онда Марат Ошахтиев есімді азаматтың құрылыс қалдықтарынан 3D форматтағы үйді басып шығарып, салғанын жазған. Жаңа үй жер сілкінісіне төзімді көрінеді.

Дүниежүзілік банк «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы аясында өнеркәсіптік қалдықтарды басқару мәселесін қаржыландырады. Біздің еліміз де аталған жоба шеңберінде алдыңғы қатарлы технология­ларды енгізіп жатыр. Жоба қазірдің өзінде жоғарыда айтқан 3D-баспадан бөлек, биологиялық ыдырайтын плас­тик, күн энергиясымен жұмыс істейтін суару жүйелері және заманауи ара шаруашылығы сияқты технологияларды қар­жыландыруға көмектескен.

«BM Logistics and Trade Services Co.» компаниясы аумағы 100 шаршы метр болатын бұл құрылысты екі айдан аз уақыт ішінде салып шығыпты. Қабырғаларды басып шығару небәрі бес күнде тәмам болған. Еліміздегі ауа температурасының күрт ауытқуынан сақтану мақсатында құрылыс жұмыстары кезінде жылу оқшаулау мақсатында кеңейтілген полистирол бетон да (EPS) пайдаланылыпты. Зәулім ғимараттар мен көпірлер сияқты ауыр жүктемелі құрылымдарға арналған аса берік бетон мен сейсмикалық қауіпсіздік шаралары қолданылған бұл үй Рихтер шкаласы бойынша 7 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алатын көрінеді.

«Қазір заманауи техноло­гия­ларды пайдалануға қажет­ті­лік бо­лып тұр. Дүниежүзілік банк­тің қолдауымен елімізде 3D-құ­рылыс баспа технологияларын қолдану арқылы технологиялық жетістіктер­дің алдыңғы шебінде тұр­мыз. Жоба нәтижесінде ком­паниямыз еліміздің сейс­мика­лық тұрғыдан төзімді, заманауи, тиімді әрі тұрақты тұрғын үй шешімдеріне деген өзекті қажеттілігін шешіп, болашаққа сенімді қадам басты», дейді Марат Ошахтиев.

Жоба екі техноло­­­гияның басын біріктіріп отыр, бірі – 3D-баспа бол­са, екіншісі – бетонды қайта өң­деу. Қазіргі қолданыстағы тәжі­рибеде 3D-принтер арнайы бетон қоспасын қажет етеді. Оны жабдықты өндіруші жет­кі­зеді, себебі кәдімгі бетон мұндай мақсаттарға жарамайды. Алайда жо­балық топ қажетті бетон қоспасын жергілікті деңгейде өндіру үшін құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу үдерісін әзірлеген. Бұл инно­­вациялық тәсіл күрделі құ­ры­­лымдарды аз шы­­ғын­­мен жа­­сап, дизайн тұрғысынан икемділік пен дәлдікті арттыруға мүмкіндік береді. Аталған амал шығынды азайтып, қалдық санын кемітіп қана қоймайды, сонымен қатар өңдеуге жол ашады және орнықты құрылыс үдерістерінің тиімділігін арттырады.

Блог авторларының жазуынша, мобильді бөлшектеу зауыты мен магнитті сепаратор бетон қалдықтары мен ар­ма­туралық металдарды тиімді өңдей алады. Басып шы­ғарудың оңтай­ландырылған жүйе­сі зиянды заттардың ауаға тарауы мен жұмыстың тоқтап қалуын болдырмайды. Бұл өз кезегінде энергетия тиімділігіне де жол ашады.

Жобалық алаң Борал­дай аулындағы көп­теген құрылыс нысанының жанында орналасқан. Бұл жерге бетон қалдықтарын жеткізу де қиындық тудырмайды. Қазір жобалық команда үй мен шағыл тас өндірісі ауқымын кеңейтуге мүдделі. Ал­дағы уақытта топ Орталық Азия нарығына шыққысы келеді.

Қазір еліміздің құ­­ры­лыс секторындағы көміртегі ізінің үлесі әжептәуір. 2019 жылы сектор 65 млн тонна ма­­­териал­­­­­­­ пайдаланған, соның 30%-ы – импорттық та­­уар­лар. Отандық тауарларды жыл сайын өндіру ауаға 13,9 млн тонна CO2 та­ратады. Бұл елдегі жылдық зиянды заттар таралымының 4%-ы екен.