Current Date: 14-06-2025

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді жоспары жасалады

Елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді жоспары жасалады, деп хабарлайды 24KZ. Құжатқа саладағы импортқа тәуелділікті азайту, экспортты ұлғайту шаралары кіреді. Бұл жайында елордада өткен Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ІІ съезінде айтылды.

Бұндай ауқымды басқосу елімізде екінші жыл ғана ұйымдастырылып отыр. Онда жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, еңбек ұжымдарының ел экономикасын дамытуға қосқан үлесі жайында ой қозғалды. Салада кадр жетіспейді. Съез барысында мамандар білікті кадр даярлау жоспарларымен бөлісті.

Айта кетейік, бүгінде ел аумағында 1411 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны бар. 800-ден астам тігін, 481 тоқыма бұйымдарын өндіру, 122 былғары бұйымдарын өндіру ошақтары жұмыс істейді. Былтыр жеңіл өнеркәсіп нарығының көлемі 4,3 млрд АҚШ долларына жетсе, отандық өндірушілердің үлесі 6% құрады. Жалпы ішкі өнімдегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 0,09%.