Израиль мен Иран шиеленісі ушығып барады. Израиль Иранды әуеден шабуылдағаннан кейін қауіпсіздік мақсатында шетелдегі елшіліктерін уақытша жауып тастады. Ел аумағында төтенше жағдай жарияланған. The New York Times басылымының хабарлауынша, соққы Иранның аса маңызды ядролық нысандарына жасалған. Ал Иран жауап ретінде Израильді дрондармен атқылады. Жойқын күшпен қарымта қайтаратынын ескертті.
Өткен түні Израиль Иранға шабуылдады. Соңғы мәліметтерге сай, әскерилер Натанзадағы ядролық кәсіпорындағы жерасты кешеніне, елдің солтүстік-батысындағы Тебриз әуежайына соққы берген. Мұның алдында Тегеран, Исфахан мен басқа да ірі қалалар, Керманшах пен Хорремабадтағы зымыран базалары әуе шабуылына ұшырады. Израильдің қорғаныс армиясы ондаған радар мен ракета ұшыратын құрылғы істен шыққанын мәлімдеді. «Би-Би-Си-дің» мәліметінше, бұл Израильдің тағы шабуыл жоспарлап отырғанын көрсетеді.
Эффи Дефрин, Израиль армиясының өкілі:
Бұл операцияның басы екенін есте сақтауымыз керек. ЦАХАЛ тез және күтпеген жерден әрекет етті. Иранды бақылап отырмыз, ол шабуыл жасауға дайындалып жатыр. Біз әрі қарай қимылдап, Израиль мемлекетінің азаматтарын қорғаймыз.
Осы операция кезінде Израиль Иранға 330-дан астам зымыран жіберген. Биліктің мәлімдеуінше, шабуыл еврей мемлекетінің өмір сүруіне төнген қауіпті болдырмауға бағытталған. Израиль әскерилері мен барлау қызметі Иранда аз ғана уақытта бомба жасауға мүмкіндік беретін байытылған уран бар деп есептейді.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
Соңғы жылдары Иран тоғыз атом бомбасын жасауға жеткілікті жоғары байытылған уран өндірді. Тоғыз. Соңғы айларда Иран осы байытылған уранды қаруландыру үшін бұрын-соңды жасамаған қадамдар жасады. Егер тоқтатпаса, Иран өте қысқа мерзімде ядролық қару жасай алады. Бұл бірнеше айдың ішінде болуы мүмкін.
Иран жауап ретінде Израильге 100 шақты дрон жіберді. Израильдің әуе шабуылын соғыс жариялау деп атап, БҰҰ-ның шұғыл отырысын өткізуді талап етті. Иран ақпарат құралдарының хабарлауынша, шабуылдардан 78 адам қаза тауып, 329 адам жараланған. Сонымен қатар мерт болғандардың ішінде Ислам революциясының сақшылар корпусының қолбасшысы Хоссейн Саламиді қоса алғанда жоғары шенді үш әскери басшы, алты физик ғалым бар. Иран билігі Израильден қарымта қайтаратынын мәлімдеді.
Масуд Пезешкян, Иран президенті:
Иран халқы мен оның ресми тұлғалары үнсіз қалмайды. Ислам Республикасы жойқын күшпен жауап береді және дұшпан ақымақ әрекеттері үшін өкінеді.
Тегеранда адамдар жаппай митингке шығып, Израильдің әрекетін сынға алып жатыр.
АҚШ болса Израильдің операцияларына қатыспағанын мәлімдеді. Президент Дональд Трамп «Иран АҚШ-тың ядролық келісім жасау туралы 60 күндік ультиматумын орындаған жоқ. Сол үшін де шабуылға ұшырады»- деп жазды. Бұл текетіресті тоқтатуға әлі уақыт бар деп мәлімдеді.
Арай Төлегенқызы