Ұлттық құрылтайдың құрылғанына үш жыл толды. Осы ретте, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Ұлттық құрылтайдың үш жылдық жұмысы аясында нақты нәтижелерге қол жеткізілгенін жазды.
Атап айтқанда, Құрылтай бастамаларының негізінде 16 заң қабылданып, тағы 5 жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Тарихи және идеологиялық тұрғыдан маңызды шешімдер де қабылданды. Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілді, ал 25 қазан – Республика күні – ұлттық мереке ретінде бекітілді. Мектеп оқушыларына арналған «Адал азамат» атты бірыңғай тәрбиелік бағдарлама әзірленіп, білім саласына енгізілді. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын тереңірек зерттеу үшін арнайы ғылыми орталық құрылды.
Ұлттық руханиятты дәріптеу мақсатында елімізде алғаш рет Ұлттық кітап күні белгіленіп, биылдан бастап ресми түрде атап өтілді, — деді Ерлан Қарин.
Сарапшылар да, Ұлттық Құрылтайдың ұлт мүддесі үшін маңызы зор деп отыр.
Талғат Қалиев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі:
Құрылтайда әртүрлі мәселе көтеріледі. Маңызды, ұзақ мерзімді шешімдер қабылданады. Құныдылықтар мәселесі, Ұлттық идеология болсын. Әр жағында жастарға әсер ететін жаман мәселелер бар... Мәселен, лудомания, вейп болсын. Зиян келтіретін. Сол туралы мәселелер көтеріледі. Сосын балалардың тәрбиесі жөнінде. Қазір, Оқу-ағарту министрлігінде жеке бір бағдарлама қабылданды «Біртұтас тәрбие» деген.
Құрылтайдың үшінші отырысы нәтижесінде 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылым жоспары бекітіліп, іске асырыла бастады. Ал төртінші отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының бес стратегиялық басымдығын айқындап берді. Олар: цифрландыру және жасанды интеллект, көлік және транзит, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы.
Осылайша, Ұлттық құрылтай – елдік мүддені айқындап, келешекке бағыт-бағдар беретін алаңға айналды. Айта кету керек, институт құрылғалы 4 отырысы өтті.
Нұрсұлтан Тілектес