Премьер-Министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Saran индустриялық аймағының дамуымен танысты. Өндіріс ошағы биыл жалпы құны 2,6 млрд теңге болатын 135,4 бірлік жеңіл және жүк көліктерінің дөңгелектері мен қысқы шиналар шығарған. Сондай-ақ Үкімет басшысы Qarmet металлургиялық комбинатында болып, «Саран» шахтасында жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
Сонымен қатар Теміртаудағы жылу желілерін реконструкциялау учаскесін қарап шықты. Одан бөлек, Нұра ауданында орналасқан жаңа «Рамадан сүт фермасына» барды. Кәсіпорын еуропалық стандарттармен жарақтандырылып, аймақтағы ең ірі кәсіпорындардың біріне айналмақ. Премьер-Министр Silk Road Electronics серіктестігіне де барды. Кәсіпорын Samsung компаниясымен келісімге отырып, биыл тамыз айынан белгілі әлемдік брендтің теледидарлары мен кір жуатын машиналарын шығара бастайды.
Александр Критский, «Silk road electronics» ЖШС директоры:
Samsung компаниясымен ынтымақтастық – біздің дамуымыздағы маңызды кезең болып отыр. Өткен жылы біз үлкен тораптан кіші торапқа көшіп, толық циклді өндірісті іске қостық және локализация деңгейін айтарлықтай арттырдық. Қазіргі таңда кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істейді, ал 2028 жылға қарай қызметкерлер санын 1100-ге дейін ұлғайту көзделуде. Сонымен қатар, шетелдік нарықтарға шығу және өнім желісін кеңейту – біздің алдағы маңызды міндеттеріміздің бірі.
Нұрсұлтан Тілектес