Current Date: 19-06-2025

Биыл бала күтіміне арналған жәрдемақыны қанша адам алды

Жыл басынан бері 333,6 мың адам мемлекеттік жәрдемақылармен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін бала тууына және бала 1,5 жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдермен қамтылған. Бұл бағытқа жалпы сомасы 371,6 млрд теңге төленген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, сол кезеңде республикалық бюджет есебінен бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақыны 145 мың адам алған. Осы мақсатқа 26,2 млрд теңге бағытталды. Ал мамыр айында бұл көмекті 28 мың азамат алып, төлем көлемі 5,1 млрд теңгені құраған. Бұл жәрдемақыны туған, асырап алған немесе қамқоршы ретінде бала тәрбиелеп отырған Қазақстан азаматтары, қандастар және елде тұрақты тұратын шетелдіктер ала алады.

«Балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмаған жағдайда туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар, егер олар басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалары бар адамдардың (отбасылардың) бала күтіміне байланысты жәрдемақы алуға құқығы бар. Есепті кезеңде 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жәрдемақымен 18 млрд теңге сомасында орта есеппен 123,6 мың адам қамтылды, оның ішінде мамыр айында 3,6 млрд теңге сомасын 124,9 мың адам алды», делінген хабарламада.

Айта кетейік, Мемлекеттік жәрдемақы мөлшері жыл сайын айлық есептік көрсеткішке (АЕК) негізделіп есептеледі. 2025 жылдан бастап барлық жәрдемақы көлемі 6,5%-ға индекстелген.

Биылғы бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы мөлшері:

  • 1, 2, 3-бала үшін – 38 АЕК немесе 149 416 теңге;
  • 4 және одан да көп бала үшін – 63 АЕК немесе 247 716 теңге.

Ал бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын төленетін күтім жәрдемақысы:

  • 1-балаға – 22 648 теңге;
  • 2-балаға – 26 777 теңге;
  • 3-балаға – 30 866 теңге;
  • 4 және одан кейінгі балаларға – 34 995 теңге.

Сонымен қатар, жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік, босану немесе бала асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) арнайы төлем тағайындалады. Бұл төлем еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген барлық күнге төленеді және мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табысқа негізделіп есептеледі.

«Аталған біржолғы төлемді жыл басынан бері жалпы сомасы 144,4 млрд теңгеге 100,3 мың адам алды, оның ішінде мамыр айында 27 млрд теңге сомасына 22,6 мың адам алды. 2025 жылдың 5 айында тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 590 618 теңгені құрады», делінген хабарламада,

Сондай-ақ, жұмыс істейтін ата-аналарға баласы 1,5 жасқа толғанға дейін кірістен айырылған жағдайда МӘСҚ арқылы ай сайынғы төлем қарастырылған. Бұл төлем баланың туған күнінен бастап тағайындалып, соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Егер бір уақытта бірнеше бала дүниеге келсе, төлем әр балаға жеке есептеледі.

Аталған төлем бойынша 2025 жылдың 5 айында 109,7 мың адамға 183 млрд теңге төленген. Оның ішінде мамыр айында 20,9 мың адамға 36 млрд теңге аударылған. Ай сайынғы орташа төлем мөлшері – 90 817 теңгені құрайды.