Current Date: 20-06-2025

Қалибек Қуанышбаев театры Алматыда өнер көрсетеді

Елордалық Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Алматыда өнер көрсетеді, деп хабарлайды 24kz.

Театр ұжымы көрерменге өз репертуарындағы таңдаулы скпетакльдерін ұсынып отыр. Гастрольдік сапар аясында актёрлер ұлттық сахна өнерінің көркемдік деңгейін, мазмұндық байлығын көрсетуге ұмтылады.

Елордалық актёрлер алматылық көрерменді әдемі музыкамен қарсы алды. Театрда үлкен оркестр, ансамбль мен бэндтер бар. Өзге өнер ұжымдарынан айырмашылығы осы. Ұжым Алматыға алты спектакль әкеліпті. Төлен Әбдіктің «Парасат майданы», Бомаршенің «Фигароның үйленуі», «Кешкі 7», Бюхнердің «Войцегі» сахналанады.

Ербол Қабылбеков, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының директоры:

- Алматы жұртшылығы расында да бізді өте сағынып күтіп отыр деп ойлаймыз. Өйткені спектакльдеріміздің барлығы қазіргі таңда аншлаг. Сондықтан енді ол бізге үлкен мәртебе.

Гастрольдік сапар Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен басталды. Кемеңгер жазушының классикалық туындысы елдегі көптеген театрда қойылды. Әр режиссёр өзінің қолтаңбасымен жаңаша сахналауға тырысты. 100 жыл бұрын жазылған Әуезовтің «Қарагөзі» қазіргі жаһандану заманында да өзекті.

Майра Омар, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актрисасы

- Біз бүгін өзіміздің ғасырдан келе жатқан дәстүрімізді сақтауымыз керек. Бұл қан тазалығы, дін тазалығы. Ағайынның бірлігі. Үлкеннің алдын кесе көлденең өтпеуі. Жастардың болашаққа ұмтылуы. Бұл өте үлкен тәрбиелік мағынасы бар, өте үлкен мағыналық спектакль.

Гастрольдік сапар елордалық театр мен Алматы көрермені арасындағы шығармашылық байланысты арттыра түспек. Қойылымдар Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында 22 маусымға дейін көрсетіледі.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Индира Унгарбаева, Айдос Қалиев