Түркістан облысындағы 501 мекемеде 6331 мемлекеттік қызметші еңбек етеді.
Өткен жылы облыстағы 231 қызметші өз лауазымынан жоғарылаған. Мемлекеттік қызметшілерді төл мерекесімен құттықтаған өңір басшысы бұл меритократия қағидасының сәтті жүзеге асуының көрінісі екенін атап өтті.
Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:
- Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті Отаны мен халқына адал қызмет ету. Бүгінде Президентіміздің саяси реформалары нәтижесінде ел басқаруға жаңа көшбасшылар келуде. Атап айтқанда, 2021 жылдан бері өңірімізде 210 ауылдың әкімі сайланды. Олардың арасында түрлі сала өкілдері бар. Талай азаматқа мемлекеттік қызметке жол ашылды.
Салтанатты жиында ел дамуына үлес қосқан мемлекеттік қызметшілер «Мемлекеттік қызмет ардагері» және «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерімен, сондай-ақ облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Буажар Есбосынова, Шардара аудандық жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы:
- Мемлекеттік қызметте жүргеніме 35 жыл болды. Үлкен алғысымды айтамын. Біздің елеулі еңбегімізді ескеріп, осылай марапаттап жатқанына қуаныштымын. Барлық мемлекеттік қызметшілерді мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын.
Әбдірахман Айқынбаев, Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы:
- Облыс әкімінің қолынан еңбегіміз бағаланып, "Мемлекеттік қызмет ардагері" деген төсбелгісімен марапатталдық. Өте қуаныштымын. Жастарға айтарымыз, мемлекеттік қызмет саласында аянбай еңбек етіп, өз үлестерін қоса беруге тілектеспін.
Сондай-ақ биыл өңірлік кадрлық резервіне 32 адам қабылданды. Оның 13-і жұмысқа орналасты. Жиынға қатысушылар бұның бәрі мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың сапалы атқарылып жатқанының көрінісі екенін атап өтті.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш