Current Date: 01-07-2025

Жетісу облысында қайтарылған қаржы есебінен 22 әлеуметтік нысан бой көтеріп жатыр

Жетісу облысында шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару есебінен 22 әлеуметтік нысанның құрылысы басталды, деп хабарлайды 24kz.

Дойыншы елді мекенінде медициналық пункт күзде пайдалануға берілмек. Сол кезде бас ауырып балтыры сыздағандар 180 шақырым жердегі Үштөбе қаласына сабылмайтын болады. Ал Ұмтыл ауылының тұрғындары бірер айда таза су тұтына бастайды. Шағын әкімшілік аумақта орталық ауызсу жүйесі бұрын-соңды болмаған. Мердігер 3 шақырымнан аса құбыр тартып, жұмыстың басым бөлігін аяқтады.

Саятхан Нөкебаев, мердігер:

- Қазіргі таңда 60-70% жұмыс орындалды. Материал бойынша 80% сатып алынды. Келісімшарт бойынша октябрьдің онына дейін бітіру керек болған. Біз оған жеткізбей бір ай бір жарым ай ішінде бітіріп кетеміз.

Мәулен Шоқпарбаев, Ұмтыл ауылының тұрғыны:

- Енді ауылымызға су келіп жатыр. Халық риза. Бірінші рет қой су келгені. Бұған дейін болған жоқ.