Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жабайы арыстанның Оңтүстік Африкадағы супермаркетке шабуыл жасағанын көрсететін видео тарады. Алайда бұл — жасанды интеллект арқылы жасалған видео, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Factcheck.kz-ке сілтеме жасап.
Кадрларда ер адам дүкеннен жүгіріп шығады, ал арыстан ішінде қалып, ет жеп жатқандай көрінеді.
Басылым мәліметінше, видео жасанды интеллект көмегімен жасалған. Кадрларда нейрожелілермен генерацияланған видеоларға тән визуалды бұрмаланулар анық байқалады. Бұл роликтің жасанды екені оны алғаш жариялаған дереккөзде де айтылған, ал оған көптеген медиаресурс сілтеме жасаған.
Мұндағы ақпаратты AFP Fact Check пен Factly фактчекерлері де тексеріп, дәл осындай қорытындыға келген.
Көптеген ақпарат көзі бұл видеоны алғаш жариялаған дереккөз ретінде TikTok-тағы ataquesferoz аккаунтын көрсетеді. Керісінше іздеу арқылы тексергенде, арыстан түсірілген видео расымен сол аккаунтта алғаш рет 13 маусым күні сағат 19:00-де (Қазақстан уақыты бойынша) жарияланғаны анықталды. Ролик 24 миллионнан астам қаралым жинаған.
TikTok-та бейнені "Жасанды интеллектпен жасалған" деп белгілеуге болады. Бұл пост та дәл осылай белгіленгені көрінеді. Жалпы ataquesferoz парақшасынан жасанды интеллект көмегімен жасалған басқа да видеоларды көруге болады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!