Шөл далада жүйткіген пойыз бен аспанда қалықтаған такси. Араб әмірліктерінде алғашқы теміржол желісі салынып, жолаушы тасымалдайтын дрон сыналып жатыр. Жаңа көлік түрлері Дубай мен Абу Дабиде келер жылы іске қосылмақ. Билік өкілдері заңнаманы реттеп, шешуші кезеңге қадам басқан. Ең қызығы, көп елде әлдеқашан қолданысқа енген шойынжол араб жұрты үшін кәнігі таңсық дүние саналып келді. Енді кеш болса да, игілігін көруге асық.
Теміржол әлемдік деңгейде кең таралған қатынас құралы болғанымен, араб әмірліктерінде ол тек 2016 жылы пайда болды. Онда да өндірістік мақсатта қолданылды. Абу Даби мен Рувайс портын жалғаған шойынжол сұйытылаған газ экспорты үшін арзан әрі таптырмас шешім болып, шөлейтті мекенде жоба сәтті іске асты. Араға 4 жыл салып, билік қалалар арасын толық пойыз қатынасымен қамтуды қолға алды.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Мына менің ту сыртымдағы жол тікелей ел астанасына апарады. Дубай мен Абу Даби арасы 100 шақырым. Осы қашықтықты автокөлікпен 1 сағатта еңсеруге болады. Ал теміржол уақытты екі есе қысқартады. Бұған дейін мұнда пойызға ұқсас қатынас құралынан тек метро болған.
Әмірліктің ұлттық теміржол компаниясы әзірлеген жоба Дубай метросы секілді жер үстіне салынады. Ал негізгі станциялар жабық үлгіде болады. Пойыз сағатына 350 шақырым жылдамдықпен жүйткиді.
Сабха Сурти, көлік саласының маманы:
- Абу Даби мен Дубай арасы біз үшін өте қашық саналады. Теміржол салынса, қатынас жақсарады. Жолаушы тасымалы артады. Әмірлік халықаралық жүк транзиті саласында ірі хаб болғандықтан, бұл әлеуетін арттыруы керек. Кейін аталған дәлізбен жолаушы ғана емес, миллиондаған тонна тауар тасымалданады. Жоба қазір іске асып жатыр. Құрылыс басталып кеткен. Бізді қуантатын дүние осы.
Жыл басында қос мегаполис басшысы құрылыс алаңына арнайы барып, жобаның жай-жапсарын тексерді. Келер жылы іске қосылатын теміржолда бірде-бір кемшілік болмауы тиіс екенін ескертті. Бұдан бөлек, Абу Даби билігі ұшатын такси қызметін кешенді сынауды бастады. Ол қала ішіндегі көлік кептелісін азайтып, еркін қозғалыс құралы ретінде қолданылмақ.
Мохаммад Абдалла, жоба жетекшісі:
- Біз келешекте қолданатын дронның бірі мына менің ту сыртымда тұр. Ол екі адам тасымалдай алады. Сынақтан сәтті өтті. Оны нақты не нәрсе үшін пайдалана алатынымыз және қандай жанармай түрін тұтынатыны бәрі белгілі. Тек заң нормаларын бейімдеу ғана қалып отыр.
Басты айырмашылығы, шағын дрондар арнайы инфрақұрылымды қажет етпейді. Кез келген жерден ұшып, қона алады. Әмірлік компаниясы алғашқы үлгілерін Қытайдан алдырған. Қазірдің өзінде жоба әлем назарын аударып отыр. Өйткені инженерлер оған жасанды зерде, баламалы энергия және автоматты басқару жүйесін енгізген.
Авторы: Рауан Мыңбай