Current Date: 30-06-2025

Таскескен тойы табысты болды

Биыл Абай облысында дәстүр мен өнер сабақтастығы ғана емес, мәдениет пен бизнес жетістіктері көрініс тапқан іс-шаралар жиі өтіп жатыр. Сондай жиынның бірі – Таскескен ауылында өткен «Ауыл – ел бесігі» фестивалі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Таскескен ауылында дәстүрлі «Ауыл – ел бесігі» мәдени-спорттық фестивалі аясында ауылда қоғамдық сауықтыру кешені ашылды. Фестиваль меценат Талғат Сақанның ұйымдастыруымен, облыс әкімдігінің қолдауымен өтті.

Фестивальдің салтанатты ашылуына ауданға жұмыс сапарымен барған облысы әкімі Берік Уәли қатысып, бұл тойдың ауыл тұрмысының жақсаруына септігі тию керектігін айтты.

– Абай өңірінде Атымтай жомарттық пен туған жерге қызмет ету қашанда асыл мұрат болып келген. Осы дәстүрдің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген азаматтар өңірімізде аз емес. Солардың бірі – осы жердің тумасы, белгілі кәсіпкер, туған ауылдың жанашыры Талғат Сақан екенін ерекше атап өткім келеді. Таскескен ауылының кіреберіс қақпасы (арка) орнатылды. 2024 жылы 2 көшеге асфальт төселді. Қоғамдық сауықтыру орталығын халық игілігіне берілді. 100 орынға арналған балабақша құрылысы жүріп жатыр, – деді аймақ басшысы.

Бүгінде Үржар ауданында жеке инвесторлардың қаржысымен көптеген жоба іске асып жатыр. Мәселен, қытайлық тараппен бірлескен «Шың Жан Жуо Анг-Сұнкар» ЖШС күнбағыс майы мен ұн өндіретін және мал азығын дайындайтын құны 5,5 миллиард теңге болатын кешен салуды бастады. Бұған қоса «Urdjar Agro Trade» ЖШС қуаттылығы тәулігіне 100 тонна болатын майлы дақылдарды өңдейтін зауыттың құрылысын жүргізіп жатыр. Инвестиция көлемі – 800 млн теңге.

Мерекелік бағдарламада республикалық айтыс, 70 шақырымдық аламан бәйге, 15 шақырымдық «Таскескен жүйрігі» ат жарысы, қыз қуу, теңге ілу, қой көтеру, садақ ату, киіз үй тігу сайыстары да бар. Ал «Топжарған» этно-мәдени орталығы акробатикалық өнерден шеберлігін көрсетіп, ұлт дәстүрін дәріптеді.

Абай облысы