Алматылық соғыс ардагері Екатерина Баранова 100-ге толды.
Ғасыр жасаған кейуана Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында медбике болып, жүздеген жауынгердің өміріне араша түсті. Соғыстан кейін шекаралық госпитальде, кейін сол кездегі Министрлер Кеңесінің ауруханасында ұзақ жыл еңбек етті. Ардагерді туған күнімен Президент істері басқармасына қарасты Ұлттық госпиталдің қызметкерлері құттықтады.
Екатерина Александрқызы 1925 жылы Курск облысында дүниеге келген. Жетінші сыныптан кейін Старый Оскол қаласындағы медицина техникумына түседі. Оны бітірген соң бірден майданға аттанады. Сонда жүріп оқпен оттың арасынан талай сарбазды аман-есен алып шығады. Венгрия, Польша, Германия, Чехославакияда орналасқан госпитальдарда медбике болады. Ол "ІІ дәрежелі Отан соғысы" орденімен, "Жауынгерлік еңбегі үшін", "Германияны жеңгені үшін", "Праганы азат еткені үшін" медалімен марапатталған.
Екатерина Баранова, Ұлы Отан соғысының ардагері:
- Старый Оскол деген қаланың жанындағы елді мекенде тұрдым. Жеті бала болдық. Әкем соғысқа кетті. 1943 жылы біздің жерімізді азат еттті. Одан кейін мен 17 жасымда майданға кеттім. Содан соғыс біткенше медбике болдым.
Екатерина Баранова соғыстан кейін де медицина қызметкері ретінде әріғарай жұмысын жалғастырады. Соғыс аяқталған соң Алматыға келіп, осында тұрақтап қалады. Алдымен шекаралық госпитальде, кейін Министрлер Кеңесінің ауруханасында еңбек етті. Жалпы осы денсаулық сақтау саласына 50 жылын арнады. Әріптестері ол кісіні мақтан тұтып құрметтейді. Мереке сайын ұмыт қалдырмайды. Ал бұл жолғы туған күннің орыны тіптен бөлек. Кейуана ғасыр жасына жетті.
Айман Жамантай, ҚР Президенттік іс басқармасы МОҰГ бөлім меңгерушісінің м. а:
- Екатерина Александрқызы өз ісінің кәсіби маманы болды. Зейнетке шыққаннан кейін де 19 жыл Ұлттық госпитальде жұмыс істеді. Ол жұмысына өте жауапкершілікпен қарайтын. Үлкен-кіші түгелдейі ол кісіні "қолы жеңіл» деп сыйлайтын. Өзі ісін сондай жақсы көрді және жұмысын жақсы көріп істеді.
Расында Екатерина Александрқызы үшін "Совминка" аталып кеткен аурухана екінші үйіне айналып кетті. Өйткені ғұмырының жартысы, өмірінің жарқын сәттері сонда өтті.
Екатерина Баранова, Ұлы Отан соғысының ардагері:
- Өзімді жалғыз сезінбес үшін ерінбей еңбек еттім. Жанымдағы адамдар жақсы болғандықтан, түсіністікпен қарады. Мен де бар ынтаммен еңбек еттім. Еңбек кітапшамда тек алғыс қана бар. Ешқашан сөгіс алған емеспін.
Ғасыр жасаған ардагердің қимылы ширақ, әнгімесі нық. «Медицина дамыған сайын мен сияқты 100 жасайтын адамдардың саны артып келеді», дейді кейуана.
Аршын Кемелжан, Радик Жакупов