Current Date: 03-07-2025

Қалыбек Қобландин: Дипломатиялық қызмет – сенім мен білімнің биік мектебі

Дипломатиялық қызмет күні қарсаңында біз сыртқы саясаттың тәжірибелі өкілі, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қалыбек Қобландинмен сұхбаттасқан едік. Ол – 30 жылдан астам уақыт сыртқы саясат саласында қызмет етіп, қазақ дипломатиясының қалыптасуы мен дамуына өзіндік із қалдырған тұлға.

El.kz: Қалыбек Ибрагимұлы, алдымен өзіңіздің өмір жолыңыз бен мамандыққа келу тарихыңыздан бастасақ.

Қалыбек Қобландин: Мен 1957 жылы 27 шілдеде Қызылорда облысында дүниеге келдім. 1974 жылы қазақ орта мектебін бітірген соң, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1978 жылы үздік дипломмен аяқтадым. Сөйтіп, ғылымға бет бұрып, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында 14 жылдай (1978 –1992 жж.) кіші, ғылыми және аға ғылыми қызметкер болып еңбек еттім.

1990 жылы XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басындағы Бөкей (Ішкі) Ордасының әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғадым. Мәскеудегі КСРО ҒА Тарих институтында тағылымдамадан өттім. Кейін 2009 жылы «XVIII–XXI ғғ. Өзбекстандағы қазақтардың тарихы мен қазіргі дамуы» тақырыбында докторлық диссертациямды қорғап, тарих ғылымдарының докторы атандым.

Қалыбек Қобландин: Дипломатиялық қызмет – сенім мен білімнің биік мектебі

El.kz: Ғылымнан дипломатияға ауысуыңыз қалай жүзеге асты?

Қалыбек Қобландин: 1991 жыл аяғында еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде жаңа құрылымдық жүйесі қалыптаса бастады. Европа, Америка, Азия елдері, халықаралық ұйымдар және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы басқармалары құрылып, 1992 жылдың қазан айында министрлікке қызметке шақырылдым. Ол кезде мен Ғылым Академиясының Тарих, этнография және археология институтының аға ғылыми қызметкері едім. Бүгінде осы салада еңбек еткеніме 33 толады екен. Дипломатиялық жолымды ТМД басқармасының екінші хатшысы қызметінен бастап, кейін министрліктің орталық аппаратында ТМД департаментінің бөлім бастығы, директордың орынбасары, Орталық Азия департаменті директорының міндетін атқарушы болдым.

ҚР мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі жұмыс тобына қатысып, Мемлекет басшысы, Үкімет және Сыртқы істер министрінің Орталық Азия мемлекеттері мен Ресейге ресми сапарларын, үкіметаралық комиссиялардың жұмысын дайындауға белсенді араластым.

El.kz: Сіздің дипломатиялық қызметіңіздің географиясы да кең екен.

Қалыбек Қобландин: Иә. Шет елдерде Қырғызстанда екі мәрте, Тәжікстанда, Ресей Федерациясында, Өзбекстанда ҚР Елшіліктерінде кеңесші, кеңесші-уәкіл ретінде жұмыс істедім. Біліктілігімді арттыру үшін Пәкістан мен Үндістан СІМ жанындағы дипломатиялық курстарға, Мәскеудегі Ресей Дипломатиялық академиясына барып, кәсіби және тілдік машықтарымды шыңдадым.

Қалыбек Қобландин: Дипломатиялық қызмет – сенім мен білімнің биік мектебі

El.kz: Елшілік қызметінің ең ұзақ әрі жарқын кезеңі — Моңғолиядағы жылдар шығар?

Қалыбек Қобландин: Дұрыс айтасыз. 2013 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалдым. Бұл қызметті 2019 жылдың тамызына дейін атқардым. Сол алты жылдан астам Елшіліктің басты мақсаты — Қазақстан мен Моңғолия арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды жандандыру болды.

Мәселен, Елшіліктің белсенді қатысуымен 25 жылдан астам шешімін таппай келген «Қазақмыс» пен «Эрдэнэт» арасындағы 20 млн АҚШ долларына жуық қарыз мәселесі оң шешіліп, бұл екі елдің қарым-қатынасына жаңа серпін берді. 2014 жылы Ұлан-Батырда, ал 2018 жылы Астанада Қазақ-Моңғол үкіметаралық комиссиясының отырыстарын өткіздік. Жыл сайын Моңғолияда қазақстандық бизнес-форумдар ұйымдастырылып, 2019 жылы тұңғыш рет Астана мен Ұлан-Батыр арасында тікелей әуе рейсі ашылды.

El.kz: Осы жылдар ішінде моңғол елімен қандай мәдени байланыстар орнады?

Қалыбек Қобландин: Моңғолия тарабы Қазақстанның әлемдік бастамаларын үнемі қолдап отырды. Олар Қазақстанда өткен Дүниежүзілік тау-кен конгресіне, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне, алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференцияға қатысты. Моңғолия басшылығы Қазақстан Президенттеріне құттықтау жолдап, СІМ деңгейінде телефон арқылы тұрақты байланыс орнатты. Екі ел министрліктері, мекемелері мен ұйымдар арасында тығыз қарым-қатынастар жанданды.

Моңғолиядағы қазақ диаспорасы да — ерекше назарымызда болды. Елшіліктің ұсынысымен белсенді дәрігерлер мен журналистер, сондай-ақ «Қазақстан достары клубының» мүшелері мемлекеттік марапаттарға ие болды. Қандастарымыздың қазақстандық БАҚ-та, ауруханаларда тағылымдамалары ұйымдастырылды. Тарихи Отанымызға көшеміз деген бауырларымызға көші-қон мәселелері бойынша қолдау көрсетілді. Өскемен мен Баян-Өлгей арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойдық. Моңғолияның Баян-Өлгей және өзге де аймақтарындағы сел мен су тасқынынан зардап шеккендерге Қазақстан атынан 200 мың және 500 мың АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек көрсетіліп, бұл ісшаралар Моңғолия тарапынан жоғары бағаланды.

Қалыбек Қобландин: Дипломатиялық қызмет – сенім мен білімнің биік мектебі

Сонымен қатар Елшіліктің қолдауымен моңғол тілінде Абайдың таңдамалы шығармалары, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың еңбектері, «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт», «Қазақстан–Моңғолия: достық пен ынтымақтастыққа 20 жыл», «Моңғолия қазақтары» атты жинақтар жарық көрді. Ал мен өзім 2 жылдан астам Моңғолиядағы дипкорпустың дуайені ретінде сол елдің саясаткерлерімен, бизнес өкілдерімен, зиялы қауымымен және қандастармен тығыз жұмыс істедім.

El.kz: Бұл еңбектеріңіз қалай бағаланды?

Қалыбек Қобландин: Моңғолия Президенті екі ел қатынасын дамытуға қосқан үлесімді жоғары бағалап, мені шетелдіктерге арналған ең жоғары марапат — «Алтан гаадас» (Темірқазық) орденімен, «Найрамдал» (Достық) медалімен наградтады, әрі Баян-Өлгей аймағының құрметті азаматы атағын берді. Сонымен қатар Моңғолия Ұлттық Ғылым Академиясының академигі (шетелдік мүше) болып сайландым. Қазақстан тарабы да дипломатиялық еңбегімді ескеріп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ондаған мерейтойлық медальдармен, СІМ және мемлекет басшылығының алғыс хаттарымен марапаттады.

El.kz: Қазіргі уақытта қандай іспен айналысып жүрсіз?

Қалыбек Қобландин: 2019 жылдың қарашасынан бастап «Отандастар қоры» Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі болып жұмыс істеймін. Бұл қордың негізгі міндеті — шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс орнату, қолдау көрсету. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі мен шетелдегі елшіліктердің өкілдерімен, ұлттық-мәдени орталықтармен тұрақты байланыстамын. ҚР СІМ қолдауымен «Отандастар қоры» «Диаспоралық қоғамдастықтармен өзара іс-қимыл және оларды қолдаудың халықаралық тәжірибесі» атты ақпараттық-анықтамалық кітабымның қазақ және орыс тілдерінде жарық көруіне ықпал жасады.

Сонымен қатар ғылымнан да қол үзген жоқпын. XIX–XX ғасырлардағы Қазақстан тарихы, халықаралық қатынастар мен қазақ диаспорасының мәселелері бойынша халықаралық конференцияларда баяндама жасаймын. Бүгінге дейін 100-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік мақала жарияладым. 8 кітаптың авторы әрі редакторымын, докторанттар мен магистранттарға жетекшілік етемін. Бішкек Гуманитарлық университетінің ғылыми журнал редакциялық алқасының мүшесімін.

Қалыбек Қобландин: Дипломатиялық қызмет – сенім мен білімнің биік мектебі

El.kz: Дипломат болуды мақсат еткен жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Қалыбек Қобландин: Дипломатия — тек лауазым немесе статус емес, ол — үлкен сенім мен кәсіби білімнің биік мектебі. Сен өз еліңнің намысын, мүддесін қорғап жүресің. Сол үшін де жүрекпен де, біліммен де қызмет ету керек. Жас мамандарға айтарым: көп оқыңыздар, өзге халықтарды таныңыздар, шынайы дипломатия — өз халқыңды өзгеге, өзгені өз халқыңа таныта білу.

El.kz: Сұхбатыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Дипломатиялық қызмет күні құтты болсын!