Индонезияда ұсталған Қазақстан азаматтары 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды 24kz.
Bali Media басылымының мәліметіне сүйенсек, 28 және 35 жас аралығындағы азаматтар Балиде есірткі қылмысына қарсы күрес операциясы кезінде тұтқындалды. Оқиға биыл 11 сәуірде қаладағы Деса Батуан мен Сукавати аудандарында болған. Жергілікті тұрғындар екі шетелдік азаматтың күдікті әрекетінен соң құқық қорғау қызметкерлеріне жүгінген. Нәтижесінде тұтқындау барысында олардан салмағы 50 грамға жуық 30 пакет психотроптық зат тәркіленді. Тергеу амалдары кезінде күдіктілердің халықаралық есірткі желісінің құрамында болғаны анықталды. Қазір олар қамауда отыр. Заң бойынша күдіктілер кінәлі деп танылса, 20 жылға темір торға тоғытылуы ықтимал.