Бұл туралы депутат Сергей Пономарев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Ол 2021 жылы салынған крематорий әлі күнге дейін іске қосылмағанына наразы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, бүгінге дейін крематорийді қарауына алатын ұйым анықталмай тұр.
– Мұның денсаулық сақтау министрлігіне қажет болмай қалғаны мәлім болды. Жерлеу қызметтері бюросымен келіссөздер жүргізілуде, – деп нақтылайды депутат.
Сергей Пономарев крематорий алып шаһар үшін маңызды нысан екенін айтады. Онда үлкен залдар және Чехияда жасалған газбен істейтін 2 пеш орналасқан. Барлық инженерлік желі де тартылған.
– Мұндай крематорий өте қажет, өйткені биологиялық және медициналық қалдықтар өте көп. Күн сайын ол жерге 16 мәйітті кремациялауға болады. Пандемия, эпидемия кезінде мұндай нысанның қажеттілігі байқалды. Әсіресе, Алматы халқының саны шамамен 10-15 жылдан кейін 7,5 миллион адамға жететінін ескерсек, тіпті қажет, – деді ол.