2025 жылғы 26 маусымда Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіп және этика комитеті кезекті отырысын өткізіп, бірқатар клубқа қатысты тәртіптік шара қолданды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
«Ақтөбе» 786 400 теңге айыппұл төлейді
Комитет шешімі бойынша, «Ақтөбе» жанкүйерлерінің «ойын кезінде және матч аяқталғаннан кейін бірнеше рет балағат сөздер қолдануына» байланысты клубқа 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл – 786 400 теңге. Клуб айыппұлды 26 шілдеге дейін төлеуі қажет.
«Қайсар» ФК-ға 1,96 млн теңге айыппұл салынды
«Қайсар» мен «Ұлытау» арасындағы 25-тур матчы кезінде «Қайсар» жанкүйерлері қарсылас ойыншысы Ж.Молдақараевқа бөтелке лақтырып, оның бірі басына тиген. Осыған орай клубқа 500 АЕК көлемінде айыппұл салынды – бұл 1 966 000 теңгені құрайды.
Ойыннан шеттету
- «Қызыл-Жар» ойыншысы Тоқтар Жаңғылышбай қарсыласын қолымен ұрып, қауіпті ойын көрсеткені үшін екі матчқа шеттетілді.
- «Ұлытау» қорғаушысы Хосе Карильо Мансилия гол соғуға айқын мүмкіндікке кедергі келтіргені үшін бір матчқа дисквалификацияланды.
Комитет шешіміне қатысты апелляция Тәртіптік регламенттің 111-бабына сәйкес Апелляциялық комитетке берілуі мүмкін, – делінген ҚФФ мәлімдемесінде.