Алматы облысының Талғар ауданында «Таза орта – саналы қоғам» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Аталған іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Акцияға 50 адам қатысты. Олар саябақтар мен орман алқаптарын және қоғамдық орындарды қоқыстан тазартты. Бастамаға еріктілер, қоғамдық ұйым өкілдері мен қала тұрғындары да қызу атсалысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 10-нан астам техника жұмылдырылған іс-шара кезінде 4 тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Сондай-ақ акция барысында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге арналған дәрістер де оқылды.
Айтжамал Нұрбатырова, Талғар аудандық аналар кеңесінің төрайымы:
- Жалпы бұл шараның мақсаты – әрбір қазақстандықтың бойына экологиялық мәдениетті сіңіру. Ешкім алыстан келіп, біздің тұрған жерімізді бүлдіріп, ластамайды. Сол жерді мекендейтін халық қана мына табиғатқа деген көзқарасын төмен деңгейде көрсетіп жатады. Ал енді біз, ересек адамдар, осы жастармен не үшін жүрміз? Жастарға үлгі болып, жастарға әрбір іс-әрекеттің маңызды екенін айту үшін жүрміз.