Астанада Қазақстандағы бочча спортының негізін қалаушы Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған республикалық сайыстың ақтық кезеңі өтті.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ұйымдастырылған дәстүрлі турнирге 130 спортшы қатысты. Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаздарды құттықтады. Қазақстандағы бочча қозғалысы 2017 жылы басталған. Оны алғаш қолға алған Сұлтанбек Орынбасаров 2021 жылы не бәрі 24 жасында өмірден өтеді. Содан бері оны еске алуға арналған сайыс жыл сайын ұйымдастырылып келеді.
Шырын Омарова, Сұлтанбек Орынбасаровтың анасы:
- Балам өмірге өте құштар болды және осы құштарлығын мұқтаж жандарға көрсете білді. Өйткені осы спорттың Қазақстандағы негізін қалаушы – менің балам. Жалпы төртінші жыл қатарынан менің баламды еске алып жатқандарына, ұйымдастырып жатқан жандарға алғысымды айтамын.
«Турнир бағдарламасына сәйкес, спортшылар жеке, командалық және жұптық сайыстарда бақ сынады. Елдегі үздік боччистерді анықтау өз алдына, мұндай жарыстар инклюзивті қоғам құруға септеседі», — дейді Республикалық Бочча Федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Жалпы бочча — параспорт қана емес, бұл қоғамда дұрыс құндылықтарды дәріптеудің бір тетігі, жолы. Сондықтан бочча арқылы біздің қоғамымызды дамытуға, қоғамдағы инклюзивті үрдістерді күшейтуге жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы үлкен қозғалысты Қазақстанда Сұлтанбек бауырымыз бастаған болатын. Бүгінде бүкіл Қазақстанда бочча дамып жатыр десек артық болмайды. Барлық өңірлемірізде, үлкен қалаларымызда боччаның секциялары бар.
Биыл жарысқа еліміздің 14 өңірінен 130 спортшы қатысты. Бұл былтырғыдан екі есе көп. Сайыс жүлдегерінің бірі — Ажар Қаблан бұл турнирден қалмай, жыл сайын қатысатынын айтады.
Жанар Қаблан, турнир жүлдегері:
- Мен Шымкент қаласынан боламын. Жасым 25-те. Қанша 2-ші, 3-ші орын алсам да бірінші орынға жету үшін тоқтамай, әлі де келіп жатырмын. Биыл маған үшінші орын бұйырды. Былтыр орын алмадым. Осы жолы шүкір, үшінші орын алдым.
Сайыс қорытындысы бойынша командалық жарыста бірінші орынды Астана қаласы мен Жетісу облысының құрамалары бөлісті. Екінші орынды елорда командасы еншілесе, Батыс Қазақстан облысының спортшылары үздік үштікті түйіндеді. ВС3 дәрежесіндегі жұптық жарыста Жамбыл облысы мен Астана құрамалары топ жарды. Елорданың тағы бір жұбы екінші орыннан көрінсе, үшінші орынды Жамбыл және Жетісу облыстары бөлісті. ВС4 дәрежесіндегі жұптық жарыста Жетісу облысының спортшылары топ жарды. Екінші орынды – Маңғыстау облысының жұптық командасы алса, Жамбыл облысының тобы үшінші орынға табан тіреді.