Биыл – қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын Табылды Досымовтың туғанына биыл 60 жыл.
Осыған орай туған өлкесі Атырауда түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Ақын шығармашылығы кеңінен дәріптеліп, жыл басында «Қыр баласы» қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Ал жақында аймақтық ән байқауы өтті. Дегенмен оның поэзиясын әлі де насихаттау керек,- дейді үзеңгілес достары. Қазір Индербор кентіндегі үйін музейге айналдыру жоспарланып отыр.
«Он бөлме үйің қалар, қиын болар, өйткені бәрі жалған, бәрі жалған» деп жырлап кеткен Табылды Досымовтың шаңырағында жары Қарлығаш Ибатова оның қолжазбаларын көзінің қарашығындай сақтап келеді. Табылды тірісінде шығармашылықпен айналысып қана қоймай, өңірдің өткен-кеткені мен тарихын түгендеді.
Бард жанрын қазақпен қауыштырған даусыз дарын Махамбет пен Мұраттан, Қашаған мен Абылдан қуат алды. «Қазақ едім дегенше...», «Биіктік», «Сәйгүлік» секілді туындылары талғампаз тыңдарманын тәнті етті. 70-ке тарта әні мұра боп қалды. Жарының айтуынша, Табылды шығармашылығы кеңінен дәріптеліп жатыр.
Қарлығаш Ибатова, Табылды Досымовтың жары:
- Жастар жағы да, үлкен кісілер де енді түсініп келе жатыр. Бәлкім, Табылды заманынан бұрын туып қалды ма деп ойлаймын. Ендігі заманда туғанда оны түсінетін адамдар көп болатын еді. Өзінің заманынан ерте туып кетіп, түсінбей қалды-ау деп ойлаймын. Өйткені өмірде өзін түсінетін адам таба алмады.
Табылдының нәзік лирикасы да, азаматтық поэзиясы да қуатты. Алаулаған махаббаты жалындаған жырымен астасып жатады. Табылдының жанына ерген жерлес інісі Қаршыға Көшеков оның поэзиясын терең зерттеу керек,- дейді.
Шаралар өткізіліп жатыр. Әндер фестивалі, әндер конкурсы өткізіліп жатыр. Бірақ Табыл поэзиясын, Табыл шығармашылығының негізі – поэзиясы дұрыс талқыланбай қалып жатыр. Поэзиясына көңіл бөліңкіремей жатыр. Табылдының өлеңдерінің ішіндегі уақыт пен сол заманның өзіне поэзия тілімен дөп жауап беру дейтін екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Өз жырында айтқандай, ұйықтап кетіп, оянбай қалған талантты тұлғаның әндері қазір күллі жұртты тербеп келеді. Болашақта ақынның үйін музейге айналдыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ өзі мінген сары волга қазір облыс орталығында реставрациядан өтуде. Бұл бастама – оның шығармашылығын жоғары деңгейде насихаттауға бағытталған маңызды қадам.
Асланбек Шығыр, Айбек Байзаков, Жандос Рахметуллин, 24KZ