Current Date: 11-09-2025

БАӘ-де блогерлер лицензия алуға міндетті. Live

Көпшілікті аузына қаратқан блогерлер ісі Араб әмірліктерінде де қатаң бақылауға алынды.

Мемлекет бұл сала өкілдеріне жаппай лицензия алуды міндеттеп отыр. Шетелдіктер де осы талапқа мойынсұнуы қажет. Әйтпеген жағдайда айыппұл арқалайды.

Әмірліктерде осы күні инфлюенсерлер кеңістігі қатаң бақылауға алынып отыр. Дерекке сай, елде 25 мың блогер немесе контентмейкер тіркелген. Әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары бірнеше миллиондық аудиторияға жұмыс істейді. Солардың ішінде сырт елден келгендер де бар.

Таяуда ғана әмірліктерде медиа салаға арналған арнайы заң күшіне енді. Оның аясында блогерлер кәсібі де қадағалауға алынды. Жаңа талап бойынша олар тұрақты және уақытша негізде рұқсат алуы керек. Бір ерекшелік, егер қолданушы парақшасын әуестік мақсатта жүргізіп, еш коммерциялық табыс таппаса, лицензция алуға міндетті емес. Аталған құжатты Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық медиа кеңесі береді. Ал ол негізінен елдегі шетелдік журналистердің қызметін реттейтін ұйым. Аккредитацияға өтініштерді қабылдап, ақылы түрде арнайы рұқсат қағазын ұсынады. Кейінгі кезде инфлюенсерлік кәсіп кең танымал болғалы бері ондағылар блогерлікті реттеуге де жауапты болып отыр. Бір қарағанда лицензция алу барлық елде кездесетін ортақ тәжірибе. Десе де мұндағы айырмашылық – бағада. Рұқсат қағазына орташа есеппен 200 доллар төлеу шарт. Сарапшылардың айтуынша, бұл жасырын салық түрі. «Демек блогерлік кәсіпті реттеу мемлекетке бір жағынан машақаты мол шаруа болғанымен екінші жағынан көл-көсір пайда әкелетін бизнес», — дейді мамандар.

Әдетте заң бұзғандар көзден таса болып қалады. Анықталған күннің өзінде жергілікті билік әуелі ескерту жариялап, кешіріммен де қарайды. Бұған бір есептен өрескел заңбұзушылықтың болмауы себеп.

Бұдан бөлек, мұнда кез келген қоғамдық орында ұялы телефонға түсірілім жасауға рұқсат жоқ. Ондай кезде ереже қатаң. Жергілікті заңнама бойынша желіде жарияланған контент кейде қосымша тексеріске алынып, мемлекет абыройына нұқсан келтіретін тұсы интернет кеңістігінен алынуы талап етіледі. Тәжірибеде мұндай жағдай көп болған. Тағы бір айта кетерлігі, араб әмірліктерінде қандай да бір компания немесе азаматтың жеке парақшасына жағымсыз пікір жазуға тыйым салынған.