Алматыда Жасанды интеллект жаңа білім беру жобасы жұмысын бастады. Алмалы ауданындағы жастар комьюнити-орталығы базасында іске қосылған мектеп жастардың жаңа технологияларды еркін меңгеруіне көмектеседі , деп хабарлайды Egemen.kz.
Жоба аясында алматылық жастар жасанды интеллект технологияларын тегін үйреніп, заманауи AI-құралдарын меңгеріп, оларды оқу, зерттеу және болашақ кәсіби қызметінде қолдана алады. Оқу бағдарламасы машиналық оқыту алгоритмдерін, нейрондық желілердің негіздерін, деректермен жұмыс істеуді және AI-ды түрлі салаларда пайдалануды практикалық түрде оқытуды қамтиды.
«Жасанды интеллекттің дамуы – жай ғана тренд емес, бұл Қазақстанның әлемдік технологиялық аренада белсенді ойыншыға айналуына апаратын болашақтың кілті. Алмалы ауданындағы комьюнити-орталықта ЖИ мектебінің ашылуы – Алматыда мықты IT-қоғамдастық құру жолындағы маңызды қадам. Бұл жерде жастар заманауи технологияларды меңгеріп, озық білімге қол жеткізеді. Біз бұл білімнің жастарға тек болашағы зор мамандықтарды игеруге ғана емес, сонымен қатар инновациялық шешімдерді жасауға көмектесетініне сенімдіміз», дейді Qazaq IT Community негізін қалаушы Әсем Болатжан.
Еске салсақ, Алматыда жастарға арналған 11 комьюнити-орталық жұмыс істейді, олар қаланың әр ауданында орналасқан. Әрбір комьюнити-орталық – бұл жастарды қолдауға бағытталған креативті қоғамдық кеңістік. Мұнда мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру, психологиялық және заңгерлік көмек, NEET-жастарға қысқа мерзімді курстар арқылы заманауи мамандықтарды үйрету және жұмыспен қамту шаралары қарастырылған.
Жастар саясаты басқармасының қолдауымен Qazaq IT Community серіктестігі аясында жүзеге асқан жобаға жазылу үшін жастар Алмалы ауданындағы комьюнити-орталыққа жүгіне алады.