Қос ел сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтып, алыс-беріс пен барыс-келісті арттырып келеді.
Мәселен, жыл басынан бері өзара сауда-саттық 202 млн долларға жетті. Сенімді серіктестіктен бөлек, елдер арасын достық біріктіріп тұр. Қазақ пен араб кейінгі бірнеше жылдан бері ұлттық мерекелерде бір-бірін құттықтап, ізгі ниетін жолдайды.
Араб әмірліктері әдетте желтоқсанның алғашқы күндерінде тәуелсіздік мерекесін тойлайды. Биыл бұл тарихи датаға — 54 жыл. Жеті әмірліктің бірігіп, біртұтас болғаны парсы шығанағын ғана емес, тұтас Таяу Шығыс кейпін өзгертті. Аймақтық деңгейде ірі экономикалық серпіліс жасалды.
Әмірліктер ішінде мұнай қоры жөнінен Абу Даби көш бастап тұр. Әлемдік нарыққа мол көлемде экспорттайды. Дубай да алғашында осы жолмен жүріп, еңсе тіктеді. Кейін туризмді дамытып, миллиондаған мейман ағылатын бағытқа айналды. Онымен қоса, нарық білім мен технологияға айқара есік ашты.
Беназир Нұрмұхамад, сәулетші:
– Біріккен Араб Әмірліктері – салыстырмалы түрде жас мемлекет. Десе де өзгерістерге жылдам бейімделіп, өміршең дүниелерді іске асыратын әлеуеті жоғары. Сонысымен күн шұғылалы шығыстың жаңа інжу-маржаны деген атты иемденді. Зәулім ғимараттары бірінен соң бірі бой көтеріп, көркімен көз тартты және ең бастысы билік тұрақтылықты қамтамасыз етті.
Сыртқы нарықпен аралас-құралас болу да маңызды. Онсыз өзара тиімді ынтымақтастыққа жол табу қиын. Осы тұрғыда ресми Абу Даби мен Астананың ұстанымы ұқсас, байланысы бекем. Қос тарап бірін-бірі ұлттық мерекелерде құттықтап, атаулы даталарды назардан тыс қалдырмайды. Айталық таяуда еліміздің республика күнінде әмірлік билігі көк байрағымызды ең биік ғимараттарда бейнелеп, өзіндік құрметін көрсетті. Сол дәстүрді қазақ тарапы да жалғады. Араб мемлекетінің тәуелсіздік күнінде арнайы дастархан жайылып, ұлттық тағамдарымыз әзірленді. Көпшілік қазақы қонақжайлықты сезініп, алғысын білдірді.
Мерей Мұқанов, қазақстандық мейрамхана өкілі:
– Сіздер көріп тұрған іс-шара Қазақстан мен Араб әмірліктері қатынасын мәдени тұрғыда нығайтуға бағытталған. Бұл жерде біз осы елдің ұлттық мерекесіне орай арнайы дастархан жайдық. Қазақ ұлттық асханасында тағамдарымызды дайындап, көпшілікке тегін тараттық.
Жалпы әмірліктің егемендік күні жарты ғасырдан астам уақыт бойы ұлттық мереке ретінде дәріптеледі. Жер-жерде көпшілік іс-шара, концерт, отшашу ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй орнайды.
Еске салайық, Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы тауар айналымы қаңтар-қазан аралығында 202 млн долларға тең болды. Көрсеткіш жыл аяқталғанша тағы артуға тиіс. Себебі биыл қазақ бидайы алғаш рет шығанақ асып, әмірлікке жеткізілді. Тағы бірқатар отандық агроөнім саудасы қолға алынды.
Авторы: Рауан Мыңбай



