Current Date: 14-03-2025

Мемлекеттік қолдау отандық тауар өндірушілерге ғана көрсетіледі

Мәжіліс тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Бұл заңға сәйкес, кәсіпорындарды қазақстандық өндіруші ретінде тану үшін арнайы талаптар қойылады, деп жазады Egemen.kz.

Бүгінде технологиялық операциялар сипаттамасы бар 2400-ден астам өнім тобы анықталған. Мәжілістің мәліметінше, кәсіпорын белгілі бір өнім бойынша қажетті операцияларды орындаса, ол отандық өндіруші мәртебесін алады.

Тізілімге тегін енгізу процессі мына кезеңдерді қамтиды: өтінім беру — цифрлық тексеру — өндірісті бағалау — енгізу немесе бас тарту туралы шешім. Содан кейін кәсіпорын үш ай сайын мониторингтен өтеді. Өндіріс тоқтатылған немесе сәйкессіздіктер анықталған жағдайда оны тізімнен шығару мәселесі қаралады. Келіспеушілік туындаған жағдайда өндіруші апелляциялық комиссияға шағымдана алады. Шағымды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен салалық қауымдастықтардың өкілдерімен бірге қарайды.

Енді отандық тауар өндірушілер мемлекет тарапынан субсидиялар, экспорт шығындарының бір бөлігін өтеу, шетелдік көрмелерге қатысу, көлік шығындарының бір бөлігін жабу және басқа да қолдауға ие болады. Сонымен бірге енді ұлттық режимнен босатылған тауарларды сатып алу кезінде конкурс тек осы тізілімге енгізілген кәсіпорындар арасында өткізіледі. Яғни, тендер жеңімпаздары отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алуға міндеттеледі.