Мемлекет басшысы елімізде мәдениет саласында атқарылған жұмыстарды жоғары бағалап, әсіресе театр өнерінің дамуына тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президенттің айтуынша, тәуелсіздік жылдары классикалық және заманауи музыкаға арналған сәулетті ғимараттар салынып, көптеген театр ашылды. Бүгінде Қазақстанда 46 аймақтық театр жұмыс істейді. Алайда, олардың жағдайы әртүрлі.
«Мысалы, Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отыр. Әсіресе, аймақтарда театрларды дамытуға баса назар аудару керек. Халқымыздың мәдени әралуандығын сақтауға мүмкіндік беретін орыс және басқа да ұлттық театрларды қолдау маңызды», деді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ, орыс және басқа да ұлттық театрларды қолдау арқылы еліміздің мәдени әралуандығын сақтау маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар қазіргі таңда елімізде жеке театрлар да табыс әкеліп, өнердің бұл түрін дамытудың тиімді жолдарын көрсетіп отыр.
«Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген жеке театрлар аз емес. Сондықтан бизнес өкілдерін аймақтағы театрларға белсене қолдау көрсетуге шақырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жастардың театр өнеріне қызығушылығы артып, қойылымдардың билеттері бірнеше апта бұрын сатылып кетуі – бұл саланың даму қарқынын көрсететінін атап өтті.