Үздік жаңалықтар
Үздікжаңалықтар
Бөлімдер
Жаңалықтар

Тоқаев: киік саны 21 мыңнан 4,7 миллионға жетті, ілбіс популяциясы 190-ға жуықтады

Тоқаев: киік саны 21 мыңнан 4,7 миллионға жетті, ілбіс популяциясы 190-ға жуықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сирек кездесетін жануарларды қорғау мен көбейту бағытындағы жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, еліміз биологиялық алуантүрлілікті сақтау саласында айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Соның бір айғағы — киік санының артуы.

Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

– Мұз дәуірін бастан өткерген ежелгі жануардың даламыздағы экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы орны ерекше. Бүгінде киіктің әлемдік популяциясының 98 пайызға жуығы қазақ даласын мекен етеді. Егер елімізде 2003 жылы небәрі 21 мың бас киік болса, биыл көктемге қарай бұл көрсеткіш 4,7 миллионға жетті. Сондай-ақ асқар тауларымыздың тұмарына баланатын қар барыстары популяциясын қалпына келтіру жұмыстары көңілге сенім ұялатады. Ілбіс тіршілік ететін ортаның 70 пайызға жуығы еліміздегі қорғалатын аумақтарға тиесілі. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған ілбістің популяциясы қар барысын қорғау және жүйелі ғылыми мониторинг шараларының нәтижесінде шамамен 190-ға дейін көбейді. Бұған билік органдарының, ғалымдар мен халықаралық серіктестердің ұзақ жылдар бойы табанды әрі аянбай атқарған жұмысының нәтижесінде қол жеткізілді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару жұмыстарына қолдау көрсеткені үшін Ресей Федерациясына және оның Президентіне, БҰҰ Даму бағдарламасына, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорына және басқа да халықаралық серіктестерге, үкіметтік емес ұйымдарға алғыс айтты. Сондай-ақ биыл шілде айында жетпіс жылдың ішінде алғаш рет жолбарыс табиғат аясына жіберілгенін жеткізді. Бұл Қазақстан үшін маңызды оқиға болды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы чех, неміс және мажар әріптестерімізбен бірге қазақ даласына Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру қолға алынғанын атап өтті.

Президенттің пікірінше, Каспий теңізінің бірегей биоалуантүрлілігін қорғау қажет.

– Таяуда Түрікменстанда өткен алғашқы Каспий экология саммитінде шұғыл әрі үйлесімді шаралар қабылдауға шақырдым. Бұл нәзік экожүйеге орны толмас зиян келтіретін жағдайлардың алдын алу үшін қажет. Әсіресе, Каспий итбалығының жойылу қаупі ерекше алаңдатады. Соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған. Қазақстанда Каспий итбалығы сирек кездесетін және жойылу қаупі бар түрлердің қатарына ресми түрде енген. Теңіз маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты осы түрді сақтап қалу жолында күш жұмылдыруға шақырамын. Арал қасіреті табиғи ресурстарды жауапсыз пайдаланудың салдары тым ауыр болатынын еске салады. Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталауына жол бермеуіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Дереккөз: Qazaq Today · Алмас Жарасхан