Current Date: 16-03-2025

74 жастағы зейнеткер ауылында өз тракторымен көшелерді қардан тазартып жүр

74 жастағы зейнеткер Сабыртай Шокеев Қарағанды облысы Қызылқой ауылында өзінің жеке тракторымен көшелерді қардан тазартып жүр, деп хабарлайды 24kz.

Жерлестері оны «Таза Қазақстан» акциясының ең белсенді және ең егде қатысушысы деп атайды. Тұрғындардың айтуынша, ол мұндай игі істі жылдар бойы тұрақты түрде атқарып келеді.

Қыс мезгілінде Сабыртай Шөкеевтің әр таңы қар күреуден басталады. Темір тұлпарының жай-күйін бір тексеріп алып, жұмысқа кіріседі. Жазда шөп дайындайды, ал қыста қар шығарады. Өз ауласынан бөлек, ауданға шығар жолды, мектеп пен мешіттің көшесін қардан тазартады. Ауылдастарына үнемі қамқор болып жүретін ақсақал пайдалы істен жаны рақат табатынын айтады.

Сабыртай Шөкеев, Қызылқой ауылының тұрғыны:

- Мынау үлкен күрежолға жол тазалап тұрамын енді жолаушыларға, сол шамам келгенше енді. Жолаушылар жүре алмайды ғой, жеңіл машинамен өте алмайды. Сондықтан тазалап тұрамыз, балалар бар, намазға баратын кісілер бар.Үлкендер бірін бірі қонаққа шақырады, ауылдың арасында кісілер.

74 жастағы ақсақал жағармайды зейнетақысына сатып алады. Бірақ атқарған жұмысына ақы талап етпейді. Тіпті трактор өте алмайтын жерлерді күрекпен тазартып шығады.

Сабыртай Шөкеев, Қызылқой ауылының тұрғыны:

- Мына жаққа тасып тастаймын, жаздыгүні ағып кетеді. Әйтпесе, қораға кіріп кетеді, енді қонаққа барсақ та, бата береміз ғой, жаңағы қарға құлап барғаннан көрі тазалап қойған жолмен барған жақсы ғой. Тазалықтың енді жақсылығы сонда ғой. Былай қазақтың сөзі түгелі шариғатта да бар көрінеді ғой, жолда жатқан нәрсені алып тастасаң, оның сауаптан басқасы жоқ. Менің қолымнан күрек түспейді. Мен мынау есіктің алдына қар қоймаймын.

Ауыл тұрғындары Сабыртай Шөкеевті «Таза Қазақстан» акциясының ең үлкен қатысушысы деп әзілдейді. Себебі көмек қолын созудан жалықпайды.

Рымтай Қыздарбек, Қызылқой ауылының тұрғыны:

- Сабыр жаман жұмысшы болды деп айтпаймын, өте жақсы жұмыс істеді. Тракторист болды, стогометта істеді, барлық жұмысында бір күн жұмыстан қалған емес. Бізде бұрын, қазір ғой енді сенбі, жексенбі демалыс дейміз. Бізде демалыс деген болған жоқ. Бір жылда 24 күн демалыс алатын болды. Өте жақсы істеді.

Еңбекқор жанның созылмалы ауруға шалдыққанына 25 жылдай болыпты. «Денсаулығымды қалыпты ұстап тұруға еңбектің пайдасы зор», - дейді өзі. Жаз мезгілінде атпен немесе велосипедпен серуендегенді ұнатады екен. Ал қыста 12 немересін еңбекке баулиды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Лиана Жамлиханова, Аман Хамит