Current Date: 16-03-2025

Жезқазғанда көне сандықтар көрмеге қойылды

Жезқазған музейінде сақталған көне сандықтар көпшілік назарына ұсынылады.

«Сыр сақтаушы сандық» деп аталған көрме «Шаңырақ күніне» арналады. Көрмеге ең көне деген 30 сандық қойылды. Жәдігерлер қатарында он тоғызыншы ғасырда жасалған кебеже мен күміспен өрнектелген жағылан сандық бар.

Қазақ тұрмысында қазан, шаңырақ, бесік секілді киелі бұйымдар бар. Сондай қастерлі саналатын мүліктің бірі – сандық. Көшпенділердің үй жиһазы ғана емес, ғұрыптық мұрасы болған сандық қазір қолданыстан шығып барады. «Көрмені ұйымдастырудағы мақсат – сандықтың қазақ тұрмысындағы орнын ұғындыру» дейді музей қызметкерлері. Себебі кейінгі буын оны қыз жасауының бірі ретінде ғана біледі.

Кешубай Байділдинов, облыстық тарихи-археологиялық музей қызметкері:

- Былай қарасаң адамның өмірінде туғаннан бастап өмірден өткенше қызмет жасайтын бұйымның бірі осы сандық. Қыздың жасауын жасайды. Кәделісін, бар жақсы нәрсесін сандығына сақтап отырады мысалы. Ойымыз болашақта сандығымызды киелі, қайтадан сол өз орнында, төрінде тұратындай сондай ұғымда болсын деген ниетпен жасап жатырмыз.

Көрмеге музей қорында сақталған 30 сандық қойылған. Олардың ішіндегі ең көнесі он тоғызыншы ғасырдың соңында жасалған. Қасбеті сүйекпен өрнектелген кебежені 1913 жылы Қарсақбай тұрғыны Атбасар жәрмеңкесінен сатып алған. Ғасырдан астам тарихы бар жиһаздарды қалпына келтірген реставратор Ерғазы Исатаев «сандықтардың жасалу жолы мен безендіру әдісі қазақ даласында сан түрлі болған» дейді.

Ерғазы Исатаев, қолөнер шебері, реставратор:

- Ас жағында қолданылатын кебеже, асадал деген жиһаз бар. Сосын сандықтар бар. Сандықтардың әр түрі бар бұл жерде. Көңіл аударатын болсаңыз бұлардың техникасы, кезінде шеберлердің жасаған. Ол кезде 19 ғасырдың басы мен 18 ғасырда шеге, клей деген деген болмады ғой. Сол кезде шегесіз, кілейсіз жиналған заттар бар бұл жерде.

Көрмеге келген жұрт сандықтың түрлерімен танысып қана қоймай, оған қатысты салт-дәстүрге де қанығады. Көпшілік үшін «Сандық жайлы не білесіз?» ойыны ұйымдастырылады. Наурызнама онкүндігі аясында «Шаңырақ күніне» орай ашылатын көрме оқушылардың көктемгі демалысы аяқталғанша жалғасады.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Гүлшаһира Серекбаева