Current Date: 17-03-2025

БАҚ: Түрікменстанда әйелдердің киіміне қатысты талап күшейді

Бұдан былай Түрікменстанда тұрмыстағы әйелдер жұмысқа сары көйлекпен баруы қажет, ал күйеуге шықпаған қыздар сары орамал тағып жүруге тиіс, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Азатлық радиосына сілтеме жасап.

Басылымның хабарлауынша, Ашхабадта тұрмысқа шықпаған түрікмен әйелдеріне жұмысқа сары орамал тағып баруы керек екені айтылған. Басшылары сұраққа толық жауап бермей, тек әйелдерге қатысты "бұйрық "жоғарыдан" келгенін" айтқан.

"Бұйрық наурыздың басында шыққан, онда тұрмыстағы әйелдерге жұмысқа сары көйлек киюі қажет деген талап та бар. Киім түсіне қатысты жаңа ережені сақтамағандарды жұмыстан шығарамыз деп қорқытқан", — деп жазады басылым.

Басылымның хабарлауынша, орамал тағу ережесі қоғамға қатты әсер еткен.

"Бұл қашан тоқтайды? Әйел қадір-қасиетін төмендету қашан аяқталады?" — деген тұрғынның сөзін келтіреді басылым қауіпсіздік мақсатында оның аты-жөнін жасырып.

Бұған дейін мемлекеттік қызметтегі әйелдерге боянуға, дене мүсінін айшықтайтын көйлек киюге және шаштарын ақшыл түске бояуға тыйым салынған болатын.