Current Date: 17-03-2025

АҚШ-та құйын салдарынан қаза тапқандар саны 37-ге жетті

АҚШ-та сұрапыл құйыннан қаза тапқандар саны 37-ге жетті. The Associated Press агенттігінің хабарлауынша, ахуал, әсіресе, Миссури, Арканзас, Оклахома, Миссисипи және Техаста қиын, деп хабарлайды 24kz.

Мұнда ғимараттардың көбі қирады. Алабамада мектеп қабырғасының күл-талқаны шыққан. Торнадо үйлердің шатырларын жұлып, ондаған көлікті аударып тастады. Қазір 300 мыңнан астам тұрғын жарықсыз отыр. Дональд Трамп апат аймағына Ұлттық Гвардия сарбазбарын жіберуді тапсырды. Әскерилер қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылады. Құйын салдарын жоюға жергілікті тұрғындар да кірісті. Ауа райын болжаушы мамандардың сөзінше, торнадо алдағы күндері Құрама штаттардың шығысына қарай ойысады.

Тейт Ривз, Миссисипи штатының губернаторы:

- Ауа райының қолайсыздығына байланысты штатта төтенше жағдай жарияладық. Метеологтардың сөзінше, соңғы екі тәулікте аймақта 12 бірдей торнадо жүріп өткен. Сүйінші хабармен де бөлісейін. Із-түзсіз жоғалғандардың тізімінде болған 3 адам табылды. Үшеуі де тірі.