Current Date: 19-03-2025

Роман Скляр Қазақстан-Қытай Ынтымақтастық комитетінің отырысына қатысты

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды, деп жазады Egemen.kz.

Роман Скляр жұмыс сапары аясында Қазақстан-Қытай Ынтымақтастық комитетінің 12-ші отырысына қатысты.

Комитет отырысы барысында екі елдің орталық мемлекеттік органдары өкілдерінің қатысуымен кедергісіз сауданы дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, екі елдің көлік саласындағы өзара байланысын нығайту, өндірісті локализациялау арқылы Қазақстан аумағында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Қытай Ынтымақтастық комитеті 12-ші отырысының хаттамасына қол қойды. Тараптар Комитеттің қызметін жетілдіру мақсатында оның құрамына Индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру комитетін қосу және Білім саласындағы ынтымақтастық жөнінде кіші комитет құру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ тараптар су ресурстары және мұрағат саласындағы ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі құжаттарға қол қойды.

пп

ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсянмен екіжақты келіссөздер барысында Қазақстан мен ҚХР үкіметтері ынтымақтастығының негізгі бағыттары талқыланды, сондай-ақ сауда, инвестициялар, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, туризм салаларындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше назар аударылды.

Тараптар Қазақстан мен Қытайдың арасындағы кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықтың даму динамикасын оң бағалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі $43,8 млрд-қа жеткен.

Сапар аясында қытайлық компаниялардың металлургия, энергетика, машина жасау және агроөнеркәсіптік кешен салаларының көшбасшыларымен бірқатар кездесу өтті. Қазақстандық делегация құрамында салалық министрліктер мен ірі отандық кәсіпорындардың басшылары да бар.

вв

Қазақстанда көмір химиясы, көлік жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және жаңартылатын энергия көздері саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша келешекте атқарылуы тиіс істер де талқыланды.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары өнеркәсіпті дамыту еліміз үшін маңызды басым міндет болып саналатынын атап өтіп, қытайлық компанияларды қазақстандық бизнес-қоғамдастықпен тығыз әріптестікке шақырды.

Өз кезегінде Қытайдың жетекші компанияларының өкілдері стратегиялық жобаларды іске асыру үшін сенімді серіктес ретінде Қазақстанға қызығушылық танытты.