Current Date: 19-03-2025

Салтанат Нүкенованың ағасы бұдан былай Шерзат Болаттың ісімен айналыспайтындарын айтты

Құқық қорғаушы Айтбек Амангелді марқұм жасөспірімнің туыстарының бастамасымен командасы бұдан былай Шерзат Болаттың ісімен айналыспайтынын хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Шерзат Болат қайтыс болғаннан кейін ашылған Instagram желісіндегі Justice_for_Sherzat парақшасында Айтбек Амангелдінің түсініктемесі ұсынылған бірнеше видео жарияланды.

Видео сипаттамасында "команданың телефоны қоңыраулар, хабарламалар мен хабарландырулардан тыным таппай жатқаны" айтылған. Сондай-ақ жазбада команданың құқық қорғаушылары 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша жұмысты тоқтатқаны да сөз етілген.

"Жақын арада топ мүшелері Қаржаубайдың өзімен сөйлеседі, ол жағдайды түсіндіріп, барлық жайтқа қатысты тоқетерін айтады деп үміттенеміз. Сіздерді хабардар етіп отырамыз", — делінген видео сипаттамасында.

Видеоның өзінде Амангелді бірнеше күн бұрын туыстарын алдағы сотқа дайындау үшін Шерзат Болаттың әжесі Гүлбармен кездескенін айтты.

"Өз кезегінде бізге отбасы сот процесіне физикалық тұрғыдан қатысқысы келмейтінін айтқан болатын. Менің міндетім сотқа шақыру бойынша келмегені үшін қандай жауапкершілік барын түсіндіру болды. Біз еш ренішсіз тарқасқандай болдық.

Бірақ артынша, кездесуден кейін екі сағаттай уақыт өткен соң Қаржау (Қаржаубай Нұрымов – ред. ескертпесі) маған хат жазып, біздің адвокаттарға өзі берген барлық сенімхаттарды кері қайтаруын сұрап, басқа адвокаттарға жүгінетінін жазды.

Біз жауап бермейміз деп шештік, өйткені біз Каржаудың мінезі қандай екенін білеміз: оның сабырға келгенін күтіп, әрі қарай не болатынын аңдамақ болдық. Кеше бізге жаңа хабарлар келе бастады – жаңа адвокаттарға сенімхат беріліп, 5 адвокат іске кірісетін болыпты", – деді Айтбек Амангелді.

Оның айтуынша, адвокаттар Шерзат Болаттың туыстарымен байланысқа шығып, іске одан әрі қатысу мәселесін анықтауға тырысқанымен, жауап ала алмаған. Сонымен қатар ол баланың әкесімен жүргізілген хат алмасудың скриншоттарын видеода ұсынды.

Айта кетейік, адвокаттар Жандос Палманов пен Мейіржан Шекеев те қазір сотта Қаржаубай Нұрымовтың отбасының мүддесін тек олар ғана қорғайтынын айтып, Instagram желісінде видео жариялаған болатын. Шекеевтің айтуынша, оларға Шерзат Болаттың әкесі сенімхат берген. Сондай-ақ ол бұрынғы адвокаттар іспен айналысқысы келсе, процеске қатыса алатынын айтты.

Шерзат Болаттың қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер ұсталғанын мәлім етті.

Бұл оқиғадан кейін марқұм Шерзат Болаттың әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасады.

12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.

Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын жеткізді.

Жақында Шерзат Болаттың ісі бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды.